Бүгiн 2026, 11:16 Фото: gov.kz

Қазақстанда 563 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды: Кей өңірлер жоспардан кешігіп жатыр

Үкімет пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жұмысын күшейтті.

Қазақстанда 2026 жылдың басынан бері 563 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген жер телімдерін анықтау жұмыстарының қорытындысы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Жер ресурстарын ұтымды пайдалану жөніндегі республикалық комиссия отырысында қаралды.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, жыл басынан бері елде шамамен 1 млн гектар аумақты қамтыған 354 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Тексеру нәтижесінде жер заңнамасын бұзуды жою туралы 261 нұсқама беріліп, олар 500 мың гектарға жуық жерді қамтыған.

Бұған дейін берілген нұсқамалар негізінде 340 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін игеру басталып кеткен. Ал тағы 357,5 мың гектар жерді мәжбүрлі түрде қайтарып алу туралы істер сот қарауында жатыр.

Үкіметте қазір мемлекетке қайтарылған жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу мен халықты жайылыммен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті.

Президент тапсырмасы аясында Қазақстанда жерлерді қайта бөлу бойынша 2026 жылдың ортасына дейін кезең-кезеңімен жүзеге асатын жоспар жұмыс істеп жатыр. 20 сәуірдегі жағдай бойынша жоспарланған 13,5 млн гектардың 10,8 млн гектары айналымға енгізілген. Бірінші тоқсан қорытындысында жоспар 102,3 пайызға орындалған.

Сонымен қатар Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстары мен Ұлытау облысында жоспардан кешігу тіркелген.

Отырыста жайылым тапшылығы мәселесі де жеке талқыланды. Үкімет мәліметінше, соңғы екі жылда жайылым тапшылығы 3,2 млн гектарға дейін қысқарған. Билік жайылымдарды басқару жоспарларын жаңартып, ауыл шаруашылығы үшін қажетті инфрақұрылымды дамытуды жалғастырып жатыр.

Сондай-ақ елді мекендердегі жерлердің пайдаланылуын бақылау жұмыстары сынға ұшырады. 2025 жылдан бері тексерулер небәрі 6,9 мың гектар аумақты қамтыған, ал заңбұзушылықтар 94 пайыз жағдайда анықталған.

Президент тапсырмасы толық орындалуы тиіс. Ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға қайтару жұмысын жеделдету қажет. Кейбір өңірлердің белгіленген мерзімнен кешігуіне жол берілмейді. Жұмысты күшейтіңіздер, – деді Серік Жұманғарин.

Отырыс қорытындысы бойынша әкімдіктерге 2026 жылғы 1 шілдеге дейін мемлекетке қайтарылған жерлерді толықтай айналымға енгізу, жайылымдарды басқару жоспарларын бекітуді аяқтау, жер телімдерінің пайдаланылуын бақылауды күшейту және пайдаланылмай жатқан жерлерді, соның ішінде елді мекендер аумағындағы жерлерді анықтау жұмысын жандандыру тапсырылды.