Қазақстанда 5 мыңға жуық адам ағза трансплантациясын күтіп жүр
Астанада өткен кездесуде мәйіттік донорлық мәселесі талқыланды. Мамандардың айтуынша, елімізде ағза ауыстыруға мұқтаж 4 947 адам бар. Ал 2026 жылдың алғашқы он айында анықталған 203 әлеуетті донордың тек 18-інің отбасы ағзаларын алуға келісім берген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астанада «Өмір сыйла: мәйіттік донорлық туралы ашық әңгіме» атты кездесу өтті. Жиынға дәрігерлер, журналистер, донорлықты қолдайтын елшілер мен трансплантация жасалған науқастар қатысты. Қатысушылар ағза донорлығының маңызы, қоғамдағы түсінік пен сенім мәселелерін талқылады.
Іс-шараны Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Трансплантацияны және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталық ұйымдастырды. Кездесу барысында қатысушылар Ұлттық ғылыми онкология орталығында болып, трансплантация жасалатын бөлімдердің жұмысымен танысты. Бұл орталықта бауыр мен бүйрек трансплантациясы тірі туыстық донорлардан да, қайтыс болғаннан кейінгі донорлардан да жасалады.
4 947 адам трансплантация кезегінде тұр
Трансплантацияны және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталық директорының орынбасары Назгүл Жылгелдина елімізде ағза ауыстыруды күтіп жүрген адамдардың саны аз емес екенін айтты.
«Бүгінде 4 947 реципиент трансплантация кезегінде тұр. Олар үшін жалғыз үміт – ағза трансплантациясы», – деді ол.
Маманның айтуынша, трансплантация тірі донордан немесе қайтыс болғаннан кейінгі донордан жасалуы мүмкін. Тірі донор көбіне науқастың жақын туысы болады. Ал мәйіттік донорлықта ми өлімі анықталған адамның ағзалары медициналық талаптарға сай болған жағдайда басқа науқастарға трансплантацияланады.
Бұл ретте донор мен реципиенттің медициналық сәйкестігі маңызды. Дәрігерлер қан тобын, HLA көрсеткіштерін, ағзаның көлемін және басқа да медициналық өлшемдерді ескереді. Бір донордан бес-алты ағза алынып, бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік бар.
203 әлеуетті донордың тек 18 отбасы келісім берген
Назгүл Жылгелдинаның жиында келтірген мәліметінше, ми өлімі диагнозы қойылған әлеуетті донорлар бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
«Қазіргі таңда ми өлімі диагнозы қойылған 203 әлеуетті қайтыс болған донор тіркелген. Нәтижесінде 43 трансплантация жасалды», – деді ол.
2026 жылдың алғашқы он айында өңірлік трансплантация үйлестірушілері анықтаған 203 әлеуетті донордың 18-інің отбасы ағза донорлығына келісім берген. Нәтижесінде 13 жағдайда ағзаларды алу операциясы жүргізілген.
Тағы бес жағдайда қосымша медициналық тексеруден кейін ағзалардың трансплантацияға жарамсыз екені анықталған немесе медициналық қарсы көрсетілімдер болған.
Сонымен қатар бес әлеуетті донордың көзі тірісінде eGov жүйесінде донор болудан бас тартқаны тіркелген. Мұндай жағдайда ағзаларды алуға рұқсат берілмейді. Ал екі әлеуетті донор Қазақстанның резиденті болмаған.
Жарияланған деректе ауыр жарақат салдарынан ми өлімі тіркелген 20-дан астам жағдай да көрсетілген. Олардың қатарында жол-көлік оқиғасы, биіктіктен құлау және дене жарақаттары бар. Алайда ішкі істер органдарының шектеулері мен заң талаптарына байланысты бұл жағдайларда отбасымен сөйлесу және донорлыққа келісім алу рәсімдері жүргізілмеген.
«Қоғамның сенімі мен қолдауы қажет»
Кездесуде мәйіттік донорлықты дамытудағы қоғамдық көзқарас мәселесі де көтерілді. Трансплантацияны және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталық директоры Айдар Ситқазинов қоғамның сенімі мен қолдауының маңызын атап өтті.
«Қазір дәрігерлердің жұмысына да, донорлық жүйенің дамуына да қоғамның сенімі мен қолдауы қажет. Азаматтардың өз еркін білдіруіне мүмкіндік жасау маңызды», – деді ол.
Оның айтуынша, донорлық мәселесін заңнамалық тұрғыдан реттеу де маңызды. Бұл бағытта азаматтардың өз шешімін білдіруіне мүмкіндік беретін құқықтық тетіктерді жетілдіру мәселелері қарастырылып жатыр.
Жиында сөз алған журналистердің бірі мәйіттік донорлық тақырыбымен алғаш танысқанда өзі де қорқыныш пен күмән болғанын айтты. Оның пікірінше, бұл – адамның өмірі мен өліміне, отбасына, сеніміне және медицинаға деген көзқарасына тікелей қатысты күрделі тақырып. Сондықтан қоғамда сұрақтар мен күмәннің болуы заңды.
Журналистің айтуынша, мұндай жағдайда ақпарат таратудың мақсаты – адамдарды донор болуға үгіттеу емес, тақырыпты түсінікті әрі шынайы жеткізу. Ол үшін нақты деректерге сүйеніп, қоғамда қалыптасқан жаңсақ түсініктерді тарқату қажет. Сондай-ақ трансплантация жасалған адамдардың оқиғаларын жариялау арқылы мәселенің артында нақты адам тағдыры тұрғанын көрсету маңызды.
Қазақстанда ағза трансплантациясын күтіп жүрген 4 947 адамның болуы бұл мәселенің өзектілігін көрсетеді. Ал донорлыққа қатысты шешімге медициналық талаптармен қатар, азаматтың көзі тірісінде білдірген еркі, отбасының келісімі және заңнамалық рәсімдер әсер етеді. Сондықтан мамандар қоғаммен ашық диалог орнатып, мәйіттік донорлық туралы нақты ақпарат тарату қажеттігін атап өтті.