Бүгiн 2026, 16:50 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Қазақстанда 490 мектеп директоры жетіспейді: Бос орындар қай өңірде көп?

Елімізде мектеп басқару жүйесі түбегейлі өзгеріп жатыр.

Қазақстанда мектеп басқару жүйесі түбегейлі өзгеріп жатыр. Оқу-ағарту министрлігі мектеп директорларын тағайындаудың жаңа қағидаларын бекітіп, 10 жылдан артық бір орында отыруға тыйым салды. Қазір елімізде 500-ге жуық бос орын бар. Сонымен мектеп директоры қалай таңдалады және олардың жалақысы неге байланысты? BAQ.KZ анықтап көрді.

Елдегі мектеп директорлары туралы дерек

Қазір Қазақстан бойынша мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында 7 238 мектеп директоры жұмыс істейді.

  • Оның 5060-ы (70%) – ауылдық жерде,
  • 2178-і (30%) – қалалық жерде еңбек етеді.

Директорлардың 810-ы (11%) – міндетін атқарушы. Бұл көрсеткіш ең жоғары өңірлер:

  • Батыс Қазақстан облысы – 15,6%
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 13%
  • Шығыс Қазақстан облысы – 12%

Басшылардың басым бөлігі – әйелдер (62%), ер азаматтар – 38%.
Ер директорлардың үлесі ең жоғары өңірлер:

  • Қызылорда облысы – 61,3%
  • Түркістан облысы – 59,5%

Ал әйел директорлар ең көп:

  • Алматы облысында – 79%
  • Алматы қаласында – 74,5%
  • Ақмола облысында – 73%

Қазіргі уақытта мектеп директорлары лауазымына 490 бос орын бар. Оның ішінде:

  • 65 орын (13,3%) – қалада,
  • 425 орын (86,7%) – ауылда.

Бос орындардың негізгі себептері – зейнетке шығу, тұрғылықты жерін ауыстыру, басқа жұмысқа көшу, декреттік демалыс, оқу немесе шетелдік тағылымдама.

Директорлар қалай тағайындалады?

Мектеп директорларын тағайындау тәртібі екі министрліктің 2025 жылғы 31 наурыздағы №57 және №96 бірлескен бұйрығымен бекітілген қағидалармен реттеледі.

Директор қызметіне тағайындау тек конкурстық негізде жүзеге асырылады. Конкурс бірнеше кезеңнен тұрады:

  • құжаттарды тексеру;
  • кәсіби құзыреттерін бағалау;
  • әңгімелесу.

Біліктілік талаптары 2009 жылғы №338 бұйрықпен бекітілген. Үміткерде:

  • жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейінгі) педагогикалық білім,
  • педагогикалық жұмыс өтілі,
  • басқару тәжірибесі болуы тиіс.

Конкурс өткізу тәртібі, комиссия құрамы және шешім қабылдау рәсімі барлық өңірде бірдей және міндетті.

Өкілеттік мерзімі және шектеулер

Конкурс қорытындысы бойынша директор 5 жыл мерзімге тағайындалады.

Бір мектепте:

  • екі мерзімнен (10 жылдан) артық жұмыс істеген тұлға
    сол білім беру ұйымында қайтадан директор бола алмайды.

Аттестация және біліктілікті арттыру

«Білім туралы» заңға сәйкес директорлар 3 жылда бір рет аттестациядан өтеді.

Аттестация директордың:

  • портфолиосы,
  • басқарушылық шешімдерінің тиімділігі,
  • мектептің оқу нәтижелері,
  • педагогикалық ұжымның жетістіктері негізінде бағаланады.

Бағалау 2016 жылғы №83 бұйрыққа сәйкес жүргізіледі.

Сонымен қатар директорлар тұрақты түрде біліктілігін арттырып отырады. Курстар мектеп менеджменті, оқу сапасын бағалау, инновациялар және басқару шешімдері бағыттарын қамтиды.

Шағымдар қалай қаралады?

Мектеп директорларының әрекеттеріне қатысты шағымдар Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс бойынша қаралады.

Өтініштер:

  • міндетті түрде тіркеледі;
  • 15 жұмыс күні ішінде қаралады;
  • қажет болған жағдайда мерзім ұзартылуы мүмкін.

Тексеру нәтижесінде ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс немесе еңбек шартын бұзу туралы шешім қабылдануы мүмкін. Шешіммен келіспеген жағдайда жоғары органға немесе сотқа жүгінуге болады.

«Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы қалай өтеді?

2023 жылдан бастап Президент тапсырмасымен «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы іске асырылып келеді.

Іріктеу 5 кезеңнен тұрады:

  1. Тестілеу
  2. Үш деңгейлі оқыту
  3. Тағылымдама
  4. Қорытынды бағалау (НЗМ Педагогикалық өлшеулер орталығы)
  5. Республикалық кадр резервін қалыптастыру

Резервке енген педагогтер бос директор немесе орынбасар лауазымдарына конкурстан тыс тағайындалады.

Жалақы қалай төленеді?

Директорлардың жалақысы мен ынталандыру төлемдері олардың жұмысының нәтижесіне және мектептегі білім сапасына байланысты.

Барлық төлемдер «Педагог мәртебесі туралы» заң және Үкімет қаулылары негізінде жүзеге асырылады.

Қазіргі таңда есеп беру электрондық форматқа көшірілген, қағазбастылық азайтылған және бірқатар міндет мектеп ішіндегі басқа қызметкерлерге берілген.

Бұл директорларға басқару және білім сапасын арттыру жұмыстарына көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді.

Мектеп директорларын Оқу-ағарту министрлігі тікелей тағайындамайды.

Тағайындау құзыреті жергілікті атқарушы органдарға тиесілі.

Алайда шешім бір адамның қалауымен қабылданбайды. Кандидаттарды арнайы құрылған конкурстық комиссия ашық дауыс беру арқылы және алқалы түрде таңдайды.

Комиссия құрамына мемлекеттік орган өкілдерімен қатар педагогтер мен қоғамдық кеңес мүшелері кіруі мүмкін.