Қазақстанда 400-ден астам жаңа дәрі-дәрмек өндіріледі
Премьер-министр Олжас Бектенов өткізген Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова азаматтардың дәрі-дәрмекке қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның айтуынша, ұзақмерзімді демографиялық болжамдары мен еліміздің 10-15 жыл ішіндегі дәрілік заттарға қажеттілігін ескере отырып, инвестициялар тарту тетіктерін жетілдіру бойынша инвесторлармен бірлесіп жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде жаңа құрал – салықтық және кедендік жеңілдіктерді, инфрақұрылымдық қолдауды ғана емес, сонымен қатар өнімді өткізудің ұзақмерзімді кепілдіктерін көздейтін инвестициялар туралы келісімдер енгізілді.
Бүгінде Үкімет отырысында жалпы құны $620 млн немесе 316 млрд теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба мақұлданды.
Бұл, ең алдымен, жалпы Қазақстанның дәрімен қамту ісіндегі дербестігі мәселесі. Алдағы 2-4 жылда елімізде 400-ден астам жаңа дәрілік заттар өндіріледі, — деді Ақмарал Әлназарова.
Соңғы екі жылда фармацевтика саласына тартылған инвестиция көлемі екі есеге – $47 млн-нан $87 млн-ға дейін артқаны атап өтілді. Жаңа жобалар шеңберінде 1 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделген.
Жалпы, фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы шеңберінде одан әрі жұмыс жүргізіледі. Елімізде фармацевтика саласы үшін мамандар даярлаудың толық жүйесі жұмыс істейді, оның ішінде мемлекеттік қолдау, дуальды білім беруді дамытуға баса назар аударылады.
Сондай-ақ 1 қаңтардан бастап ТМККК және МӘМС шеңберінде дәрі-дәрмектер мен медициналық қызметтерді импорттау және өткізу ҚҚС-тан босатылды. Жалған препараттардың айналымына бақылау мен жауапкершілікті күшейту бойынша түзетулер дайындалды.
Бұған дейін Бектенов инвестициялық жобалардың іске аспауына байланысты әкімдіктер мен Kazakh Invest-ті сынға алған еді.