Қазақстанда 4 мыңға жуық діни бірлестік бар
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан аумағы тарихи тұрғыдан мәдениеттер тоғысқан және түрлі өркениеттердің өзара байытқан мекені болғанын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақ жерінде әлемдік негізгі діндер мен конфессиялар алмасып, бейбіт қатар өмір сүрді. Қазіргі Қазақстанда да біз осы дәстүрді сақтап, дамытуға бар күш-жігерімізді жұмсап келеміз. Біздің елімізде этносаралық және дінаралық келісімді нығайту бойынша мол тәжірибе бар. Қазақстандық этносаралық және дінаралық толеранттылық үлгісінің негізі – «алуандықтағы бірлік» қағидаты. Бұл тәсіл әлемдік деңгейде теңдесі жоқ институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметінде толық көрініс тапқан. Тарихи тұрғыда қалыптасқан төзімділік, ынтымақ пен кең ой-өріс бүгінгі таңда еліміздің бейбітшіл, теңгерімді сыртқы саясатында сәтті жүзеге асуда. Бұл саясат сенімге, диалогқа және ынтымақтастыққа негізделген. Мен сенемін, осы жалпыға ортақ құндылықтар мен қағидаттар барлық халықтар мен мемлекеттер үшін маңызды, – деді Президент елордада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінде сөйлеген сөзінде.
Мемлекет басшысы Съез аясында БҰҰ Өркениеттер альянсының діни нысандарды қорғауға арналған Арнайы сессиясы өткенін алға тартты. Сондай-ақ Өркениеттер альянсының жоғарғы өкілі Мигель Анхель Моратиносқа жаһандық гуманистік күн тәртібін ілгерілетуге деген айнымас ұстанымы үшін алғыс білдірді.
Діни киелі орындар мен рәміздерді қорғау – түптеп келгенде адамзат өркениетінің негізін қорғау деген сөз. Қазақстанда 18 конфессияны біріктіретін шамамен төрт мыңға жуық діни бірлестік жұмыс істейді. Біз Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сияқты ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген тарихи құндылықтарды, сондай-ақ көне және заманауи мешіттерді, православ және католик шіркеулерін, Алматыдағы будда орталығын және «Бейт Рахель Хабад Любавич» синагогасын сақтап, қолдап келеміз, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Сонымен қоса мемлекет діндар қауым үшін ерекше маңызы бар барлық қасиетті орындардың сақталуына қамқорлық жасайтынына тоқталды.
Осы орайда Маңғыстаудағы Бекет ата жерасты мешітін, Іле өзенінің жағасындағы Тамғалы-Тас будда петроглифтерін, Алматыдағы раввин Леви-Ицхак Шнеерсонның қабірін, Солтүстік Қазақстандағы католиктер үшін аса қастерлі Мариямкөл көлін атап өткім келеді. Киелі орындар түрлі дін өкілдерін біріктіріп, ұрпақтар арасындағы байланысты және рухани сабақтастықты сақтайды. Сондықтан олар біз үшін тек тарихи-мәдени ескерткіштер ғана емес, халқымыздың бейбітшілігінің, өзара құрметінің және мәдени әралуандығының символы болып табылады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.