24 Қараша 2026, 10:29 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда 3G желісі 2027 жылдың соңына дейін толық өшіріледі

2027 жылдың соңына дейін 3G желісі толық өшіріліп, 4G 5 291 ауылды, ал 5G 70 қала мен 300 ауылды қамтиды.

Қазақстанда 2027 жылдың соңына дейін 3G мобильді байланыс желісінен толық бас тарту жоспарланып отыр. Оның орнына ауылдарда 4G желісі кеңейтіліп, 5G технологиясы енгізіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, қазір елдегі ауылдардың 84 пайызы мобильді интернетпен қамтылған. Байланыс сапасын жақсарту үшін қолданыстағы 3G базалық станциялары кезең-кезеңімен 4G желісіне жаңартылып жатыр. Сонымен қатар қалалар мен ауылдарда 5G желісі кеңейтілуде.

Қазір ауылдардың 84 пайызында мобильді интернет бар. Министрлік 3G базалық станцияларын жаңартып, 4G желісіне көшіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен бірге қалалар мен ауылдарда 5G желісі кеңейтілуде. 2027 жылдың соңына дейін 3G желісінен толық бас тарту жоспарланған. Сол уақытқа қарай 4G желісі 5 291 ауылды, ал 5G желісі 70 қала мен 300 ауылды қамтуы тиіс. Нәтижесінде мобильді интернет елдегі ауылдардың 92 пайызында қолжетімді болады, – деді Жаслан Мәдиев.

Осылайша, 2027 жылдың соңына дейін Қазақстанда 3G желісінен толық бас тартып, мобильді байланыстың жаңа буын технологияларына көшу көзделіп отыр.