327 мың адам не оқымайды, не жұмыс істемейді: Қазақстандағы жастар мәселесі
Көрсеткіш 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 15 пен 34 жас аралығындағы азаматтарды қамтиды.
Қазақстанда ресми тіркелген жұмыссыз жастар саны 117,7 мың адамға жетті. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің BAQ.KZ тілшісіне берген ресми жауабында айтылған.
Министрлік мәліметінше, көрсеткіш 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 15 пен 34 жас аралығындағы азаматтарды қамтиды.
Жұмыссыз жастар ең көп қай өңірлерде?
Ресми деректерге сәйкес, жұмыссыз жастардың ең жоғары саны Түркістан облысында тіркелген. Өңірде 17,7 мың жас жұмыссыз ретінде есепте тұр.
Одан кейінгі орындарда Алматы қаласы – 11,4 мың адам, Маңғыстау облысы – 9,3 мың адам, Алматы облысы – 8,7 мың адам және Астана қаласы – 6,7 мың адам көрсеткішпен тұр.
Қазақстанда NEET санатындағы жастар қанша?
Ұлттық статистика бюросының 2026 жылдың бірінші тоқсаны бойынша деректеріне сәйкес, елімізде оқымайтын және жұмыс істемейтін, яғни NEET санатындағы жастар саны 327,8 мың адам бар.
Министрлік жұмыссыздықтың негізгі себептерін атады
Ведомство өкілдері жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі жыл сайын төмендеп келе жатқанымен, еңбек нарығына жаңадан қосылатын түлектерге байланысты белгілі бір теңгерімсіздіктер сақталып отыр дейді.
Министрлік жастардың еңбек нарығындағы сұранысқа сәйкес келмейтін мамандықтарды таңдауын негізгі себептердің бірі ретінде көрсетеді. Сондай-ақ ауылдық жерлерден мегаполистерге жаппай көшу үрдісі де еңбек нарығына әсер етіп отыр.
Министрлік мәліметінше, кейбір практикалық мамандықтарды бірнеше айда меңгеруге болатын болса да, жастар оларды 2-3 жыл оқиды.
Мысалы, аспазшы, тігінші, дәнекерлеуші секілді дағдыларды 3-6 айлық практикалық курстар арқылы игеруге мүмкіндік бар. Алайда кейбір жастар бұл мамандықтарды бірнеше жыл бойы оқиды. Соның салдарынан еңбек нарығына кеш шығып, тәжірибе мен қажетті дағдыларды уақытында жинақтай алмайды, – делінген жауапта.
Министрлік көптеген жас жоғары табыс пен жақсы мүмкіндік іздеп ірі қалаларға қоныс аударатынын, алайда бәсекеге қабілетті дағдылары жеткіліксіз болғандықтан тұрақты жұмыс таба алмай, NEET санатына өту қаупіне тап болатынын атап өтті.
Соңғы үш жылда қанша жас мансап орталықтарына жүгінген?
Министрліктің ақпараттық жүйесіндегі деректерге сәйкес, соңғы үш жыл ішінде елімізде 965,1 мың жас мансап орталықтарына жүгінген. Олардың 541,1 мыңы ауылдық жерлердің жастары болған. Тіркелген жастардың 80,4 пайызы немесе 776 мың адам жұмыспен қамтылған.
Ал қалған 19,6 пайызы әскерге шақырылу, бала күтімі, екінші жоғары білім алу, көшу, мүгедектік және басқа да объективті себептерге байланысты жұмысқа орналаса алмаған.
Жастарды жұмыспен қамту үшін қандай бағдарламалар іске асырылып жатыр?
Министрлік жыл сайын жастарды тұрақты және уақытша жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асырып келеді.
Солардың бірі – «Жастар практикасы» бағдарламасы. Бағдарлама оқуын енді аяқтаған немесе мамандығы бойынша тәжірибесі жоқ жастарға алғашқы еңбек тәжірибесін жинауға мүмкіндік береді. Бұл ретте жалақы толықтай мемлекет есебінен төленеді.
2026 жылы бағдарлама аясында 25 мың жасты жұмыспен қамту жоспарланған.
1 мамырдағы жағдай бойынша 2,7 мың жас «Жастар практикасына» жіберілген.
Бұдан бөлек:
-
36 мың жас азамат бос жұмыс орындарына орналасқан;
-
9,3 мың адам қоғамдық жұмыстарға тартылған;
-
1,7 мың жас әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілген;
-
748 адам қысқа мерзімді курстардан өткен;
-
5,2 мың жас «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуды бастаған.
Министрлік қандай жаңа шараларды қолға алмақ?
Жастармен жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында Еңбек министрлігі «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» жобасын іске асырып жатыр.
Қазір жоба пилоттық режимде Маңғыстау және Павлодар облыстарында жүзеге асырылып жатыр.
Жоба жасанды интеллект пен деректерді талдау технологияларын пайдалана отырып, жұмыссыз азаматтарды анықтаудан бастап тұрақты жұмысқа орналастыруға дейінгі процесті цифрландыруды көздейді.
Жоба аясында:
-
тіркелген және тіркелмеген жұмыссыздарды жұмыспен қамту шараларына тарту;
-
жұмыссыз азаматтың профиліне қарай жеке жұмысқа орналасу жоспарын автоматты түрде құру;
-
өңір ішінде, басқа өңірлерде және еліміздегі ірі кәсіпорындардағы бос жұмыс орындарын жасанды интеллект арқылы іріктеу жоспарланған.
Министрлік бұл шаралар жастар арасындағы жұмыссыздықты төмендетуге және еңбек нарығындағы теңгерімсіздіктерді азайтуға мүмкіндік береді деп есептейді.