Қазақстанда 242 мың баладан профилактикалық тексеруден кейін аурулар анықталды
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 2,3 миллион бала профилактикалық тексеруден өткен.
Қазақстанда профилактикалық тексерулердің қорытындысы бойынша 242 мың баладан аурулар анықталды. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның айтуынша, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 2,3 миллион бала профилактикалық тексеруден өткен. Бұл жылдық жоспардың 52%-ын құрайды. Қалғандары жыл соңына дейін тексеруден өтуі тиіс.
«Тексеру нәтижелері бойынша балалардың 11%-ынан (бұл 242 мың бала) аурулар анықталды. Олардың ішінде ең көп таралғандары – тісжегісі, анемия және миопия», – деді Ақмарал Әлназарова.
Анықталған патологиялары бар балалардың ішінен диспансерлік есепке алуға жататындардың 86,7 мыңы немесе 36%-ы қазірдің өзінде бақылауға алынды.
Сондай-ақ министр соңғы үш жылда мектеп медициналық пункттерінің жарақтандырылуы мен кадрлармен қамтамасыз етілуі 95%-ға жеткенін хабарлады.
Биыл профилактикалық тексерулер жүргізу тәртібі қайта қаралды. Барлық баладан ауруларды ерте анықтау үшін алғаш рет жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, ЭКГ, фонендоскоптар, пульсоксиметрлер, отоскоптар мен интраоральды камералар сияқты цифрлық диагностикалық құрылғыларды пайдалану жоспарлануда.
Бұдан басқа, 2025 жылдан бастап жүзеге асырылып жатқан «Болашаққа сау тіспен» жол картасы аясында стоматология кабинеттерінің саны 145-тен 288-ге дейін өсті.
2026 жылы балалар мен жүкті әйелдерге көрсетілетін стоматологиялық көмекке 36 миллиард теңге қарастырылған. 2025 жылы бұл мақсатқа 37 миллиард теңге, ал 2024 жылы 32 миллиард теңге бөлінген болатын.
Еске салайық, бұған дейін балалар тісін жеке емханаларда тегін емдете алатыны хабарланды.