Қазақстанда 22 мыңнан аса ғалым бар – БҒМ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов елімізде 22 мыңнан аса ғалым бар екенін айтты.
Елімізде 22 655 ғылыми кадр бар. Оның 36%-ы 35 жасқа дейінгі жас ғалымдар, 39%-ы 35-54 жастағылар. Яғни айтарлықтай ғылыми әлеует бар. Бірақ ғалымдардың жалпы санын еліміздің 1 млн халқына шаққанда тек бір мыңнан астам ғана ғалым келеді. Бұл өз кезегінде қаржыландыруға да байланысты. Әлемдік тәжірибеде ғылымды қаржыландыру кем дегенде жалпы-ішкі өнімнің 1% көлемінде болу қажеттілігі айтылады. Сондай-ақ оның басым бөлігі жеке инвестициялардан қалыптасуы тиіс, - деп баяндады БҒМ басшысы.
Министр қазіргі күні ведомство осы бағытта жұмыс жүргізіп жатқанын қоса кетті.
Мемлекет басшысының қолдауының арқасында соңғы жылдары ғылым саласында ауыз толтырып айтатындай өзгерістерге қол жеткіздік. Ғылымды дамытуға арналған бағдарлама бекітіліп, ол қажетті ресурстармен қамтамасыз етілді. Бағдарламада біз негізгі міндеттерді айқындадық. Олар - 2025 жылға дейін ғылыми кадр әлеуетін арттыру, оңтайлы ғылыми экожүйені қалыптастыру, ғылымның экономикадағы үлесін арттырып, өнеркәсіппен байланыстыру және ғылымды басқаруды жетілдіру сияқты міндеттер, - деп айтты Асхат Аймағамбетов.