5 Қазан 2026, 08:00 Фото: BAQ.KZ архиві

Қазақстанда 2,2 млн бала тегін үйірмелер мен секцияларға қатысады

Қазір елде 8 мыңнан астам жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді.

Қазақстанда балалардың денсаулығы мен сапалы білім алуына жағдай жасау бағытында мектептегі тегін тамақтану, қосымша білім беру және білім беру инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мектептегі тегін тамақтану

Оқу-ағарту министрлігі ұсынған деректерге сүйенсек, 2023 жылдан бері Қазақстанда 1,4 миллионнан астам бала тегін мектеп тамағымен қамтылды. Оның ішінде бастауыш сынып оқушылары және әлеуметтік осал топтарға жататын 230 мың бала бар.

Мектептегі тамақтандыру бағдарламасына мемлекет жыл сайын 210 миллиард теңгеден астам қаражат бөледі. Қазір тамақтану жүйесінде әлеуметтік әмиян мен ваучерлік жүйе арқылы цифрлық мониторинг енгізілген. Шағын жинақты мектептерде кейтеринг пен модульдік асханалар жұмыс істейді.

Балаларға арналған тегін үйірмелер мен секциялар

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 3,5 миллионға жуық бала қосымша біліммен қамтылған. Бұл – мектеп оқушыларының шамамен 90 пайызы. Оның ішінде 2,2 миллион бала тегін үйірмелер мен секцияларға қатысады.

Қазір қосымша білім беру қызметін шамамен 2 896 ұйым көрсетеді. Ауылдық жерлерде балалардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін 1000 комьюнити-орталық құрылған. Спорттық қозғалысқа шамамен 2,2 миллион бала тартылған.

2025 жылдан бастап бірқатар қалада «бір ваучер – бір бала» қағидаты бойынша бірыңғай ваучерлік механизм кезең-кезеңімен енгізілуде. Қазір бұл ваучерді 314 мыңнан астам бала алған.

Мемлекеттік жоспарға сәйкес, қосымша біліммен қамту деңгейін 2026 жылы 95 пайызға, ал 2027 жылдан бастап 100 пайызға жеткізу көзделген. 2027 жылдың соңына дейін кемінде 100 ірі нысан, оның ішінде оқушылар сарайлары, жас техниктер станциялары, балалар технопарктері, музыка және өнер мектептерін салу жоспарланған.

Қазақстанда мектеп саны артып келеді

2019 жылдан бері Қазақстанда 1 301-ден астам мектеп 1,1 миллион оқушы орнына салынды. Соның нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны төрт есе, апатты мектептер саны екі есе, ал оқушы орындарының жалпы тапшылығы төрт есе қысқарды.

Қазір елде 8 мыңнан астам жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Онда шамамен 4,1 миллион бала білім алады. Оның 5 мыңнан астамы ауылдық жерлерде орналасқан.

«Келешек мектептері» жобасы

Соңғы жылдардағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы. Оның аясында елімізде 460 мың оқушы орнына арналған 217 жаңа мектеп, оның ішінде ауылдық жерлерде 84 мектеп салынды.

Жаңа мектептердің іске қосылуы 54 үш ауысымды және 14 апатты мектептің мәселесін толық шешуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар 100-ден астам мектептегі оқушы орнының тапшылығы қысқарды.

Жаңа форматтағы мектептерде физика, химия, биология кабинеттері, STEM-зертханалар, робототехника және компьютер сыныптары, шеберханалар, музыка және хореография залдары, коворкинг және спорт инфрақұрылымы қарастырылған. Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта құруға мән берілген.

Білім беру инфрақұрылымын қаржыландыру

2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры құрылды. Қорға сыбайлас жемқорлық үшін тәркіленген қаражат түседі. Осы қаражат есебінен 100 мыңға жуық оқушы орнына арналған 90 білім беру нысанының құрылысы қаржыландырылды. Оның 83-і пайдалануға берілген, тағы жетеуін жыл соңына дейін іске қосу жоспарланған.

Бұдан бөлек, елде жаңа мектептер салу жалғасып жатыр. Құжаттағы дерекке сәйкес, қазір 59,3 мың оқушы орнына арналған 101 мектептің құрылысы жүргізілуде.

Жалпы, Қазақстанда білім беру инфрақұрылымын дамыту жеке нысандар салудан жүйелі жоспарлауға көшті. Жаңа мектептерді салу кезінде демографиялық өсім, оқушылар санының болжамы, орын тапшылығы және қолданыстағы ғимараттардың жағдайы ескеріледі.