Қазақстанда 2026 жылғы егін науқаны аяқталды: Егіс көлемі ұлғайып, фермерлерге 573 млрд теңге бөлінді
Қазақстанда 2026 жылғы егіс науқаны аяқталды. Биыл егіс көлемі ұлғайып, фермерлерге жүздеген миллиард теңге бөлінді. Толығырақ материалда.
Қазақстанда 2026 жылғы көктемгі егіс науқаны толық аяқталды. Мемлекет басшысының азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында көктемгі дала жұмыстары барлық өңірде агротехникалық мерзімдерге сәйкес жүргізілді.
Биыл еліміздегі жалпы егіс алқабы 23,8 млн гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға артты.
Үкіметтің мәліметінше, науқанның табысты өтуіне фермерлерді ерте қаржыландыру, жеңілдетілген дизель отынымен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту және егіс құрылымын әртараптандыру бағытындағы қолдау шаралары ықпал еткен.
Фермерлерге 573 млрд теңге қаржы бөлінді
2026 жылғы көктемгі және күзгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін 750 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі таңда 4,8 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге жалпы сомасы 573 млрд теңге көлемінде қаржы беріліп, 6,8 млн гектардан астам алқапқа егін егуге мүмкіндік жасалды.
Сондай-ақ кепілдік мүлкі жеткіліксіз шаруалар үшін несие сомасының 85 пайызына дейін мемлекеттік кепілдік беру механизмі қолданылды. Биыл осы бағдарлама арқылы 273 млрд теңге несиеге 1733 кепілдік рәсімделген.
Бидай алқабы қысқарып, майлы дақылдар көбейді
Президент тапсырмасына сәйкес биыл егіс құрылымын әртараптандыру жұмыстары жалғасты.
Нәтижесінде:
* майлы дақылдар алқабы 74 мың гектарға ұлғайып, 4 млн гектардан асты;
* мал азықтық дақылдар көлемі 237 мың гектарға көбейіп, 3,3 млн гектардан асты;
* бидай алқабы 125 мың гектарға қысқарып, 12,1 млн гектарды құрады.
Жалпы ауыл шаруашылығы дақылдарының құрылымында дәнді дақылдар 14,6 млн гектарды, майлы дақылдар 4,2 млн гектарды, мал азықтық дақылдар 1,2 млн гектарды алып жатыр.
Су үнемдеуге басымдық берілді
Оңтүстік өңірлерде су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында ылғалды көп қажет ететін дақылдардың көлемі қысқартылды.
Атап айтқанда, республика бойынша күріш алқаптары 20,2 мың гектарға азайтылды. Ал мақта шаруашылығында су үнемдеу технологиялары кеңінен енгізіліп, тамшылатып суару қолданылатын алқаптар 29,8 мың гектарға дейін ұлғайтылды.
Аграршыларға дизель отыны арзандатылған бағамен берілді
Көктемгі егіс жұмыстарына 402,3 мың тонна дизель отыны бөлінді.
Фермерлер үшін жеңілдетілген дизельдің соңғы бағасы литріне 281 теңге болып белгіленді. Бұл жанармай құю бекеттеріндегі орташа нарықтық бағадан шамамен 15 пайызға төмен.
Қазіргі уақытта аграршылар жоспарланған көлемнің 81 пайызына келісімшарт жасап, өңірлерге 300,9 мың тонна дизель жеткізілген.
Негізгі астықты өңірлердегі жұмыстар
Қазақстанның басты астықты өңірлері саналатын Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары егіс науқанын толық аяқтады.
Солтүстік Қазақстан облысында 4,3 млн гектар жерге егін егілді. Майлы дақылдардың көлемі қатарынан екінші жыл 1 млн гектар деңгейінде сақталды.
Ақмола облысында жалпы егіс көлемі 5,6 млн гектарды құрады. Өңір жыл басынан бері экспортқа 1,9 млн тонна астық жөнелткен.
Қостанай облысында 5,2 млн гектар алқапқа егін егілді. Өңір еліміздегі ұн өндірісінің шамамен 30 пайызын қамтамасыз етіп отыр.
Ауыл шаруашылығы техникасы жаңартылуда
Егіс жұмыстарына 133,9 мың трактор, 71,4 мың сепкіш және 188,5 мың топырақ өңдеу техникасы жұмылдырылды.
Мемлекеттік қолдау нәтижесінде өткен жылы шаруалар шамамен 25 мың жаңа техника сатып алған. Биыл отандық ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизинг арқылы сатып алуға кемінде 300 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр.
Үкіметтің бағалауынша, қабылданған шаралар егіс науқанының уақытылы аяқталуына және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік берген.