Қазақстанда 2016 жылдан бері алғаш рет ӘМАТ тауарларының баға индексі төмендеді
2016 жылдан бері алғаш рет Қазақстанда алғашқы жарты жылдықта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға индексінің төмендеуі тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сауда Комитеті қабылдаған жүйелі және жедел шешімдер мен бағаны тұрақтандыруға қатысты мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестірудің арқасында ӘМАТ бағасының дефляциясы тіркелді.
Жартыжылдықтың қорытындысы бойынша елде тұрақты дефляция байқалады: маусым айында бағаның орташа индексі 0,3%-ға, ал жыл басынан бері 0,2%-ға төмендеді.
Бағаның төмендеуі ӘМАТ тізіміндегі қырыққабаттың 2,6%-ға, қарақұмықтың 27,5%-ға, күнбағыс майының 14,9%-ға, жұмыртқаның 7,2%-ға, ұнның 3,8%-ға арзандауының арқасында мүмкін болды.
Өткен апта ішінде 9 тауардың бағасы төмендеді. Ұн 1,2%-ға, сәбіз 1,0%-ға, қарақұмық жармасы 0,9%-ға, сиыр еті мен күнбағыс майы 0,5%-ға, сары май мен жұмыртқа 0,2%-ға, рожки мен айран 0,1%-ға арзандады. Сүт, қант және тұз бағасы тұрақты.
Әр апта Үкіметте вице-Премьер-министр Серік Жұманғариннің төрағалық етуімен елдегі ӘМАТ бағаларының жағдайы қаралып, бағаны тұрақтандыру бойынша шешімдер қабылданады.Осы бағыттағы негізгі шараларға мыналар жатады:
- Маусымаралық кезеңде көкөніс өнімдерінің резервін қалыптастыру: маусымдық ауытқуларды болдырмау үшін нарыққа 160 мың тоннадан астам көкөніс өнімі шығарылды, бұл бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік берді.
- Өндірушілермен меморандумдар жасасу: бағаны тұрақтандыру үшін өндірушілермен меморандумдар жасалды. Салалық жұмыртқа өндірушілер қауымдастығымен және құс өсірушілер одағымен биылғы соңына дейін жұмыртқаның шекті бағасын бекіту туралы келісімге қол қойылды.
- Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы өндірушілеріне түрлі субсидиялар арқылы жан-жақты қолдау көрсетуі.
- Тарифтік және тарифтік емес реттеу: жергілікті өндірушілерді қолдау үшін жұмыртқаны импорттауға тыйым салынды, бұл нарықтағы бағалардың демпингіне жол бермейді.
- Қант экспортына уақытша тыйым салынды: ішкі нарықты қантпен жеткілікті қамтамасыз ету үшін оны экспорттауға уақытша тыйым салынды.
- Күнбағыс тұқымын әкетуге экспорттық кедендік бажды енгізу: отандық өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету үшін күнбағыс тұқымын әкетуге экспорттық кедендік баж салығы енгізілді.
- Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында мемлекеттік бақылау күшейтілді. Жыл басынан бері сауда заңнамасын бұзғаны үшін 2 357 әкімшілік іс қозғалды. Сауда комитеті сауда үстемесін сақтау бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.