Қазақстанда 1,9 мың шақырым су және кәріз желісі жаңғыртылады
Елде коммуналдық инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту басталды. Жоба аясында мыңдаған шақырым желі ауыстырылып, Smart Turmys платформасы іске қосылады.
Қазақстанда «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында шамамен 1,9 мың шақырым сумен жабдықтау және су бұру желісі жаңғыртылады. Алдағы екі жылда құрылыс материалдары мен жабдықтарға деген қажеттілік 900 миллиард теңгеден асады. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрліктің ұлттық жобаны іске асыру бойынша жұмысы үш негізгі бағытты қамтиды.
«Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру бойынша Министрлік жұмыстың 3 негізгі бағытын айқындады. Бірінші – сумен жабдықтау, су бұру жүйелері мен заманауи кәріз-тазарту құрылыстарын салу. Екінші – Ұлттық жобаны іске асыруда қазақстандық тауар өндірушілерді барынша тартып, отандық өндірісті дамыту. Үшінші – заманауи басқару және есепке алу жүйелерін енгізіп, коммуналдық секторды автоматтандыру және цифрландыру, – деді Ерсайын Нағаспаев.
105 коммуналдық жоба іске асырылады
Министрдің айтуынша, сумен жабдықтау және су бұру саласы коммуналдық шаруашылықтағы ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр.
Бүгінде сумен жабдықтау және су бұру саласы коммуналдық шаруашылықтың ең өзекті мәселесінің бірі. Инженерлік желілердің тозуы, жиі болатын апаттар, қуаттың жеткіліксіздігі және ескірген технологиялар коммуналдық қызметтердің сапасына кері әсерін тигізуде. Қазіргі таңда Ұлттық жобаның платформасында жалпы құны шамамен 330 миллиард теңгеге 105 жоба орналастырылған. Оның ішіндегі 20 жобаның құрылыс жұмыстары басталды, 58 жоба іске асыруға дайын, 2 жобаның тарифті бекіту рәсімі аяқталуда, тағы 25 жоба қаралуда. Сонымен қатар, жалпы сипаттағы трансферттер аясында 209 миллиард теңгеге 516 жобаны қаржыландыру көзделген. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде шамамен 1,9 мың шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілері жаңғыртылып, олардың тозу деңгейі 43%-ға төмендейді, – деді министр.
45 кәріз-тазарту құрылысы жаңартылады
Инженерлік желілерді жаңғырту кәріз-тазарту құрылыстарын жаңартумен қатар жүргізіледі.
Инженерлік желілерді жаңғырту су бұру жүйесінің негізгі объектісі – кәріз-тазарту құрылыстарын жаңартумен қатар жүруі тиіс. Еліміздегі кәріз-тазарту құрылыстарының басым бөлігі жарты ғасыр бұрын салынған. Олардың орташа тозу деңгейі 65%-дан асады, бұл экология мен санитариялық қауіпсіздікке қауіп төндіреді. Ұлттық жоба шеңберінде жалпы құны 800 миллиард теңгеден асатын 45 кәріз-тазарту құрылысын іске асыру көзделген. Оның ішінде 7 жоба халықаралық қаржы ұйымдарының қатысуымен, ал 38 жоба түрлі қаржыландыру көздерімен жүзеге асырылады. Соңғы екі жылда 5 жоба аяқталды. Қазір жұмыстар 3 қалада жүргізілуде. Оларды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Барлық жобалардың іске асырылуы министрліктің тұрақты бақылауында, – деді Нағаспаев.
Тізілімге 500-ге жуық өндіруші енгізілді
Ұлттық жобаны іске асыру құрылыс материалдарына, жабдықтар мен қосалқы бөлшектерге ішкі сұраныс қалыптастырып, отандық өнеркәсіпті дамытуға қосымша серпін береді.
Ұлттық жобаны іске асыру құрылыс материалдарына, жабдықтар мен қосалқы бөлшектерге айтарлықтай ішкі сұраныс қалыптастырып, отандық өнеркәсіпті дамытуға қосымша серпін береді. Ұлттық жобаның негізгі міндеттерінің бірі – отандық өнімді дамыту. Бүгінде отандық өндірушілер Ұлттық жобаның қажеттілігін кең ассортиментпен қамтамасыз етуге дайын. Ұлттық жоба аясында отандық тауар өндірушілерді қолдау жүйелі түрде ұйымдастырылған, – дейді ведомство басшысы.
Министр отандық тауар өндірушілерді қолдау бағытында қабылданған шараларға жеке тоқталды.
Біріншіден, заңнама мен Ұлттық жобаның өзінде қазақстандық өнімге басымдық беру қағидаты бекітілген. Екіншіден, сатып алуға Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілген өндірушілер ғана қатыса алады. Тізілімге енгізу тәртібі нақты өндірістің бар-жоғын анықтауға және жалған өндірушілерді алып тастауға мүмкіндік береді. Бүгінде Тізілімге Ұлттық жобаның әлеуетті қатысушылары болып табылатын шамамен 500 тауар өндіруші енгізілген. Үшіншіден, сатып алу ережелері бекітіліп, электрондық платформада сатып алу модулі әзірленді. Барлық мердігер ұйымдар сатып алуды осы платформа арқылы жүргізуге міндетті. Бұл өндірушілерге жобаның қажеттілігін алдын ала көріп, өндіріс көлемін жоспарлауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ережелер мен платформада қазақстандық тауар өндірушілерге басымдық беретін конкурс тетігі бекітілген. Қабылданған шаралар Ұлттық жоба қаражатын Қазақстан экономикасының нақты секторын қолдауға барынша тиімді мүмкіндік береді, – дейді құрылыс министрі.
Отандық өнімге сұраныс 900 млрд теңгеден асады
Қазіргі уақытта 27 жоба құрылыс-монтаж жұмыстары кезеңінде тұр. Оларға қажетті материалдарды жоспарлы сатып алу жүргізіліп жатыр.
Бүгінде 27 жобаның құрылыс-монтаж жұмыстары кезеңінде, материалдарды жоспарлы сатып алу жүргізілуде. Бұл жұмыстарға қазақстандық өндірушілер белсенді қатысуда, – деді Ерсайын Нағаспаев.
Отандық өнімдерді пайдалану бойынша Семей және Екібастұз қалаларындағы жобалар мысал ретінде келтірілді.
Мәселен, Семей қаласындағы жылу желілерін реконструкциялау кезінде 98 миллион теңгеден астам сомаға құбыр өнімдері, бекіту арматурасы және темірбетон бұйымдары сатып алынды. Ал Екібастұз қаласындағы жылу магистралін реконструкциялау жобасына шамамен 690 миллион теңгеге отандық өндірістегі құбыр, бұрма, шарлы кран, муфталар мен инертті материалдар жеткізілді. Бұл Ұлттық жобаның Қазақстан кәсіпорындарының өндіріс қуатын арттырып, ішкі кооперацияны дамытуға нақты ықпал еткенін көрсетеді. Алдағы екі жылда Ұлттық жоба аясында құрылыс материалдары мен жабдықтарға болжамды қажеттілік 900 миллиард теңгеден асады. Оның ішінде электрмен жабдықтауға қажеттілік 342 миллиард, жылумен жабдықтауға 232 миллиард, сумен жабдықтауға шамамен 200 миллиард және су бұру жобаларына 177 миллиардтан астам. Қазақстандық тауар өндірушілердің өндіріс қуаты осы қажеттіліктің басым бөлігін, әсіресе кабель-өткізгіш және құбыр өнімдер, темірбетон бұйымдары мен құбыр арматурасын қамтамасыз етуге қабілетті, – деп мәлімдеді министр.
Smart Turmys платформасы іске қосылады
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты автоматтандыру және цифрландыру бағытында да жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты автоматтандыру және цифрландыру бағытында да жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бірыңғай төлем құжаты енгізілді, қазірдің өзінде 38 қалада, 170 ауданда және 4,5 мыңнан астам ауылдық елді мекенде қолжетімді. Сонымен қатар коммуналдық инфрақұрылымды цифрландыру, оның ішінде объектілерді автоматтандыру және интеллектуалды есепке алу құралдарын орнату жұмыстары жүргізілуде, – деді министр.
2029 жылға қарай республикалық және облыстық маңызы бар қалалардағы коммуналдық инфрақұрылымды есепке алу құралдарымен толық қамту жоспарланған.
2029 жылға қарай республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда коммуналдық инфрақұрылымды есепке алу құралдарымен 100% қамту міндеті қойылған. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық экожүйесінің негізгі элементі Smart Turmys платформасы болады. Биылғы IV тоқсанда оның алғашқы модульдерін пилоттық режимде іске қосу жоспарлануда. Платформа абоненттердің бірыңғай тізілімін қалыптастыруға, коммуналдық төлемдердің есепке алуын цифрландыруға және барлық коммуналдық ресурстардың пайдалануын мониторингтеуге мүмкіндік береді. Бұл саланың ашықтығын арттырып, шығындарды анықтауға және цифрлық жаңғыртуға негіз қалайды, – дейді Нағаспаев.