Қазақстанда 1,8 млн адам тұрақты түрде құмар ойын ойнайды
Елордада тәуелділіктің үш түрі қатар талқыланды.
Қазақстанда есірткі, алкоголь және құмар ойындарға тәуелділік мәселесі күрделі болып тұр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Айна Мысырәлімова Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің көшпелі отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл – жай ғана медициналық немесе әлеуметтік мәселе емес. Бұл – ұлт денсаулығы, ұлттық қауіпсіздік және елдің адами капиталына тікелей қатысты мәселе, – деді депутат.
Отырыста бірден үш тәуелділік түрі – нашақорлық, маскүнемдік және лудомания мәселелері қаралды.
Депутат келтірген деректерге сәйкес, 2026 жылдың басында психоактивті заттарды қолдану салдарынан психикалық және мінез-құлық бұзылыстары бар 108,5 мыңнан астам адам есепте тұр. Оның ішінде 18 мыңға жуығы – есірткіге тәуелді (44-і кәмелетке толмаған), ал 90 мыңнан астамы – алкогольге тәуелді.
Ресми статистика шынайы жағдайды толық көрсетпейді. Тәуелді азаматтардың нақты саны бұдан бірнеше есе көп болуы мүмкін, – деп атап өтті Айна Мысырәлімова.
Құмар ойындарға тәуелділік мәселесі де өткір күйінде қалып отыр. Мамандардың айтуынша, қоғамдағы стигма, адамдардың өз мәселесін мойындамауы және көмектің жеткіліксіздігі салдарынан көмекке жүгінетіндер аз.
Республикалық психикалық денсаулық орталығының дерегіне сүйенсек, Қазақстанда:
* 450 мыңға дейін адамда ойынға тәуелділік белгілері бар,
* 1,8 млн-нан астам адам тұрақты түрде құмар ойын ойнайды,
* алайда тек 36 мың адам ғана өзінде проблема барын мойындайды.
Ең алаңдатарлығы – ресми есепте небәрі шамамен 40 адам ғана тұр, – деді депутат.
Еске салайық, бұған дейін лудоманияға шалдыққан бақташы бір жарым айда 90 қойды сатып жібергені хабарланды.
Тағы оқи отырыңыздар:
Лудоман-бухгалтер 100 миллионнан астам қаржыны бәс тігуге және жаңа көлікке жұмсаған