Қазақстанда 161 медициналық нысан салынып, жөнделіп жатыр: Жыл соңына дейін қандай жобалар аяқталады
Қазақстанда 2026 жылдың соңына дейін шамамен 50 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. Қазір елімізде жалпы саны 161 медициналық нысанда құрылыс, қайта жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы BAQ.KZ-ке Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Олардың ішінде 46 нысан жаңадан салынып жатыр, 31 нысан қайта жаңғыртылуда, ал 84 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
2026 жылдың басынан бері бес медициналық нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Жыл соңына дейін аяқталуы жоспарланған жобалардың қатарында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жаңартылып жатқан аудандық ауруханалар да бар.
Қандай ірі нысандар ашылады?
Денсаулық сақтау министрлігі 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтіліп отырған бірнеше ірі жобаны атады.
Олардың қатарында:
- Өскемен қаласындағы гематология орталығы;
- Атырау қаласының Нұрсая және Өркен шағынаудандарындағы бір ауысымда 250 адам қабылдайтын екі емхана;
- Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл ауылындағы емхана;
- Жетісу облысының Талдықорған қаласындағы бір ауысымда 500 адам қабылдайтын емхана бар.
Аудандық ауруханаларды жаңғырту қалай жүріп жатыр?
Жеке бағыттардың бірі – аудандардағы медициналық инфрақұрылымды жаңарту.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 32 аудандық аурухананы жаңғырту көзделген.
Бүгінгі таңда 12 аудандық аурухананы жаңғырту жұмыстары толық аяқталды. Қалған 20 аудандық ауруханада құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр, – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Осылайша, жобаға енген 32 аурухананың 20-сында жұмыстар әлі де жүргізіліп жатыр.
Қанша қаржы бөлінді?
2026 жылы денсаулық сақтау нысандарының құрылысына республикалық бюджет пен арнайы мемлекеттік қор есебінен 108 млрд теңге қарастырылған.
Оның ішінде 55 млрд теңге ұлттық жоба аясындағы аудандық ауруханаларды жаңғыртуға, ал 53 млрд теңге бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған.
Қазіргі уақытта Инфрақұрылымды дамыту қорының қаражаты есебінен денсаулық сақтау нысандарын қаржыландыру мәселесі де қарастырылып жатыр, – деп мәлімдеді ведомство.
Құрылыс мерзімінің кешігу қаупі бар ма?
BAQ.KZ Денсаулық сақтау министрлігінен құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сай жүріп жатқан және мерзімнен кешігіп жатқан нысандар саны туралы да сұрады.
Алайда ведомство мерзімінен кешігу тіркелген нысандардың нақты санын атаған жоқ.
Қазіргі уақытта өңір әкімдіктері денсаулық сақтау нысандарының құрылысын биыл уақытында аяқтау үшін барлық қажетті шараны қабылдап жатыр, – делінген министрліктің жауабында.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, құрылыс барысы тұрақты бақылауда. Мерзімдердің сақталуын қадағалау үшін әкімдіктердің, мемлекеттік органдардың және жобаға қатысушылардың қатысуымен арнайы кеңестер өткізіліп, өңірлерге жұмыс сапарлары ұйымдастырылып келеді.