18 Қараша 2026, 10:35 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіге тіркелуге тыйым салынуы мүмкін

Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың онлайн-платформаларға тіркелуіне тыйым салу ұсынылып отыр. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Құрылтай отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Цифрлық ортада балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аудару қажет. Қазір балалардың онлайн-платформалардағы ақпаратқа, соның ішінде зиянды және деструктивті контентке қол жеткізуін іс жүзінде шектеу мүмкіндігі шектеулі, - деді министр.

Осыған байланысты заң жобасында 16 жасқа толмаған балалардың онлайн-платформаларға тіркелуіне тыйым салу ұсынылған.
Жаңа талап қабылданған жағдайда платформалардың иелері мен олардың өкілдіктері пайдаланушылардың жасын тексеруге міндеттеледі.
Алайда бұл шектеу тұлғааралық қарым-қатынас жасауға, ата-аналармен және мұғалімдермен байланыс орнатуға арналған мессенджерлерге қолданылмайды.

Ұсыныс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында қарастырылып отыр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Конституциялық Сот адам құқықтарын қорғау мен заң үстемдігін қамтамасыз етудің басымдықтарын атады.