27 Қараша 2026, 08:48 Фото: Үкімет

Қазақстанда $1,6 млрд-қа аммиак-карбамид кешені салынады: Қытайлық инвесторлармен келіссөз өтті

Нұрлыбек Нәлібаев қытайлық инвесторлармен мұнай-газ, химия өнеркәсібіндегі жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев отандық, шетелдік компаниялардың басшыларымен бірқатар кездесу өткізді.

Кездесулер барысында шикізатты терең өңдеу, еліміздің ресурстық базасын кеңейту, озық технологияларды енгізу бағыттарындағы инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

«China Wuhuan Engineering» компаниясы мен «ҚазАзот» АҚ басшылығымен өткен кездесуде Маңғыстау облысында аммиак-карбамид кешенін салу мәселелері қаралды.

Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III форумында сөйлеген сөзінде отандық минералды тыңайтқыштар өндірісін дамытудың маңыздылығына тоқталып, аталған жобаға қажетті қолдау көрсету керектігін атап өтті.

Жобаның жалпы құны шамамен – $1,6 млрд. Кешеннің өндірістік қуаты жылына 660 мың тонна аммиак, 577,5 мың тонна карбамид, 500 мың тонна аммиак селитрасын өндіруге мүмкіндік береді.

Жобаны іске асыру отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету деңгейін арттыруға, импортқа тәуелділікті төмендетуге, химия өнеркәсібінің экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді.

«Саутс-Ойл» ЖШС мен «ADIB Holdings» қаржы тобының басшылығымен өткен кездесуде Қарағансай учаскесіндегі дәстүрлі емес көмірсутектерді игеру перспективалары талқыланды.

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында тақтатас мұнайының қорларын игеру, технологиялық тұрғыдан күрделі кен орындарын игеруге инвестиция тарту үшін қажетті жағдай жасау міндетін қойған болатын.

Бүгінгі таңда жоба аясында қабатты көпсатылы гидравликалық жарудың заманауи технологиялары қолданылып, екі көлденең ұңғыма бұрғыланды. Жалпы жоба бойынша 10 ұңғыма бұрғылау жоспарланған.

Келіссөздер барысында қосымша қаржыландыру тартуға, тақтатас мұнайын өндіру технологияларын жетілдіруге, Қазақстан аумағында ілеспе өндірістерді жолға қоюға ерекше назар аударылды.

Дәстүрлі емес көмірсутектерді игеру еліміздің ресурстық әлеуетін кеңейтуге, отандық мұнай-газ, мұнай-сервис салаларының технологиялық дамуына ықпал ететіні атап өтілді.

Кездесулер қорытындысы бойынша Нұрлыбек Нәлібаев Үкіметтің озық технологияларды енгізуге, отандық өнеркәсіпті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған инвестициялық жобаларды іске асыруға қолданыстағы заңнама аясында қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.