Бүгiн 2026, 17:40 Фото: Polisia.kz

11,5 мың қару тәркіленді: Олардың қаншасы Қаңтар оқиғасымен байланысты?

ІІМ Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қаруларды іздеуді әлі жалғастырып жатыр.

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі BAQ.KZ редакциясына берген жауабында 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған және заңсыз айналымға түскен атыс қаруларын анықтау мен тәркілеу жұмыстары әлі жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Ведомство мәліметінше, 2022 жылдың басынан бері заңсыз айналымнан 11 500 түрлі қару тәркіленген. Оның ішінде Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 1461 қару қайта алынған.

ІІМ қаруды анықтау және тәркілеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Қабылданған шаралардың тиімділігін арттыру мақсатында жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізіліп келеді, – делінген министрлік ақпаратында.

Министрлік дерегіне сәйкес, 2026 жылдың басынан бері елде «Қару» атты екі ірі жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылған. Қазір осындай шаралар өңірлерде жергілікті деңгейде жалғасып жатыр.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – заңсыз қару айналымын азайту және қоғамдық қауіпсіздікті күшейту.

Еске салсақ бұған дейін Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару-жарақ табылған еді.