Қазақстанда 1,1 млрд текше метр су қалай үнемделді?
Қазақстанда заманауи суару жүйелері қолданылатын егістік алқаптарының жалпы аумағы 702,3 мың гектарға жетті. Ауыл шаруашылығына су үнемдеу технологияларын енгізу нәтижесінде 1,1 млрд текше метрге жуық су үнемделді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, елімізде су үнемдеу технологияларын енгізу қарқыны айтарлықтай өскен. 2024 жылға дейін мұндай технологиялар жыл сайын орта есеппен 30 мың гектар алқапқа енгізілсе, 2024-2026 жылдары бұл көрсеткіш 150 мың гектардан асты.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес шаруалардың су үнемдеу жүйелерін сатып алу және орнату шығындарын өтеу мөлшері 50 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтылды. Ал заманауи суару технологияларын қолданатын шаруаларға суармалы су үшін берілетін субсидия мөлшері 85 пайызға дейін жеткізілді.
Ауыл шаруашылығына су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру үшін 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетте 214,6 млрд теңге қарастырылған. Бұл алдыңғы үш жылмен салыстырғанда төрт есе көп. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су жеткізу қызметтерінің құнын субсидиялауға 4,085 млрд теңге бөлінді.
Министрлік суармалы суды субсидиялау қағидаларына да өзгерістер енгізген. Атап айтқанда, субсидияланатын су үнемдеу технологияларының тізіміне лазерлік тегістегіш құрылғы қосылды.
Елімізде тұтынылатын су ресурстарының 60 пайызына дейінгі көлемі ауыл шаруашылығының үлесіне тиесілі. Қабылданып жатқан шаралар 2030 жылға қарай заманауи суару технологиялары қолданылатын алқаптардың жалпы аумағын 1,3 млн гектарға жеткізуге бағытталған. Бұл жыл сайын 2,2 млрд текше метрге дейін су үнемдеуге мүмкіндік береді, - деді Су үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің директоры Ербол Салихбаев.