Қазақстанда 10-нан астам халықаралық авиарейс ашылады

Көктем-жаз маусымына қарай Доха, Анкара, Медина, Баку және Душанбеге жаңа рейстер ашылады, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР МСМ Туризм комитетіне сілтеме жасап.

Сонымен қатар, Стамбул, Тбилиси, Пхукет, Мале, Дели, Чэнду, Лондон, Ираклион және Подгорицаға рейстер көбейеді.

Бұл авиарейстерді қабылдауға Алматы мен Астана әуежайлары ғана емес, Шымкент, Ақтау және Түркістан әуе айлақтары жұмылдырылады.

Бірқатар шетелдік авиакомпаниялар да Қазақстанмен әуе қатынасын жолға қоюды жоспарлап отыр. Мысалы, малайзиялық Air Asia Х лоукостері Куала-Лумпурдан Алматыға, ал Thai Air Asia тай тасымалдаушысы Бангкоктан Алматыға ұшатын болады. Ирандық Qeshm Air компаниясы Алматы – Токио бағыты бойынша рейс ашуды жоспарлап отыр. Омандық SalamAir 1 шілдеден бастап Маскат – Алматы рейсін іске қосады.

Бұдан басқа, Air Astana отандық тасымалдаушысы Алматы мен Тель-Авив арасында аптасына екі тұрақты рейсті орындау туралы мәселені пысықтауда.

Жаңа бағыттарды ашу – қазақстандық туризмді дамыту үшін маңызды қадам. Осының арқасында елімізге саяхаттауды жоспарлап отырған шетелдік қонақтардың Қазақстанға келуіне көп мүмкіндік пайда болады. Жаңа маршруттарды іске қосу бағытында шетелдік әріптестермен келіссөздер үнемі жүргізіледі. Мысалы, өткен жылы 7 елге 10 жаңа бағыт ашылды. Биыл да бұл жұмыс жалғасын табады, – деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: panthermedia/vostock-photo
Өзгелердің жаңалығы