Бүгiн 2026, 12:58 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстанда 10 мың кен орны бар – министрлік 

Геологиялық барлау мен шикізат өндіруде сапаны арттыруға ерекше назар аударылуда.

Бұл туралы Астанада өтіп жатқан Geoscience & Exploration Central Asia: «Геология, ресурстар және Еуразияның болашағы» форумында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің сөзінше, бүгінгі таңда геология саласы дәстүрлі салалық мәселелерден шығып, экономикалық және технологиялық дамудың маңызды элементіне айналып отыр. Осы контексте Орталық Азия минералдық-шикізат әлеуеті жоғары перспективалы аймақ ретінде айқын қалыптасуда.

Ерсайын Нағаспаев қазіргі кезеңде дәстүрлі жер қойнауын игеру моделін радикалды түрде қайта қарастыру қажеттігін айтты. Сұраныс құрылымы өзгеруде, перспективалы ресурстар тереңде орналасқан, ал тұрақтылық пен экологиялық жауапкершілікке қойылатын талаптар артып келеді. Осындай жағдайда геология тек шикізат көзі ғана емес, технологиялық және инвестициялық дамудың маңызды құралы болып отыр.

Министр атап өткендей, Қазақстан өзінің минералдық-шикізат базасын кеңірек аймақтық экожүйенің бөлігі ретінде қарастырады. Елде қазіргі таңда шамамен 10 мың кен орны есепке алынған, оның ішінде:

•    1 мыңнан астам қатты пайдалы қазбалар кен орны,
•    359 көмірсутек кен орны,
•    3 700-ден астам кең таралған пайдалы қазбалар нысандары,
•    4 900-ға жуық жерасты су көздері.

Министр ресурстардың мол әлеуетіне қарамастан, олардың тиімді әрі рационалды пайдаланылуы басты міндет болып қала беретінін айтты. Осы мақсатта Қазақстанда 2018 жылы Жер қойнауын пайдалану туралы кодекс қабылданып, ашық әрі икемді жүйе құрылды.

Содан бері геологиялық барлау саласына шамамен 1 млрд АҚШ доллары көлемінде жеке инвестициялар тартылды, оның ішінде отандық және шетелдік капитал бар. Қазіргі таңда саланың ішінде шамамен 3 мың лицензия қатты пайдалы қазбалар үшін және 250-ден астам келісімшарт барлау мен өндіруді қамтиды, - деді Ерсайын Нағаспаев.

Бұл көрсеткіштер инвесторлардың қызығушылығы артып отырғанын көрсетсе де, жаңа міндеттерді де айқындайды. Перспективалы ресурстар көбінесе тереңде және геологиялық қиын аудандарда орналасқан, сондықтан заманауи технологиялар мен инновациялық тәсілдерді енгізу қажет. Осыған байланысты бүгінгі таңда басты назар сандық өсуден сапаны арттыруға ауысқан.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда сирек минералдардың 800 мың тоннаға жуық қоры бар ірі кен орны ашылғаны айтылды.