Елімізде 10 күнде 760 келі есірткі тәркіленді
Оның ішінде 121 келіден астамы – синтетикалық есірткі. Сонымен қатар 266 келі прекурсор алынды.
Шілде айының алғашқы онкүндігінде елімізде заңсыз айналымнан 760 келі есірткі тәркіленді. Оның ішінде 121 келіден астамы – синтетикалық есірткі. Сонымен қатар 266 келі прекурсор алынды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі «Қарасора – 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасының аралық қорытындысында мәлімдеді.
Министрліктің мәліметінше, осы кезеңде есірткіге қатысты 187 құқық бұзушылық анықталған. Оның 86-сы қылмыстық терісқылық, 101-і қылмыс. Сондай-ақ есірткіні өткізудің 46, аса ірі мөлшерде сақтаудың төрт, құрамында есірткісі бар өсімдіктерді заңсыз егудің 40 фактісінің жолы кесілді. Бұдан бөлек, есірткі контрабандасының төрт дерегі тіркелді.
Астанада жүргізілген жедел іс-шара барысында 26 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Оның жеке басын және жалға алған пәтерін тінту кезінде 227 орамаға салынған, жалпы салмағы 245 грамм болатын α-PVP синтетикалық есірткісі тәркіленді. Тергеу мәліметінше, күдікті оны елорда аумағында өткізбек болған.
Жазғы демалыс кезінде жастар арасында нашақорлықтың алдын алу жұмыстары жалғасып жатыр. Алғашқы онкүндікте жоғары сынып оқушылары мен студенттердің қатысуымен 145 профилактикалық іс-шара өткізіліп, оған 6 мыңнан астам жас қамтылды.