3 Тамыз 2026, 12:44 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда 10 400-ден астам сайлау учаскесі жұмысын бастады

7 тамыздан бастап әрбір сайлаушы дауыс беруге қатысу құқығы бар азаматтардың тізіміндегі өзі туралы мәліметтердің дұрыстығын тексере алады.

Қазақстанда 2026 жылғы сайлауға дайындық аясында учаскелік сайлау комиссиялары өз жұмысына кірісті. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров комиссияның бүгінгі отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, еліміз бойынша 10 400-ден астам сайлау учаскесі ашылды. Сайлауды ұйымдастыруға 10 600-ден астам сайлау комиссиясы жұмылдырылып, олардың құрамында жалпы саны 71 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Комиссия отырысында учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің дайындығы мәселесіне ерекше назар аударылды.

Нұрлан Әбдіров осы аптадан бастап Орталық сайлау комиссиясының мүшелері мен аппарат қызметкерлері еліміздің барлық 20 өңіріне инспекциялық сапармен шығатынын айтты. Сапар барысында сайлау учаскелерінің дайындығы, материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі, сайлаушыларды ақпараттандыру жұмыстары және Call-орталықтардың қызметі тексеріледі.

Сонымен қатар, аумақтық сайлау комиссияларының жұмысы мен сайлау комиссиялары мүшелерін оқыту барысына да ерекше назар аударылады.

Сондай-ақ ОСК төрағасы 7 тамыздан бастап әрбір сайлаушы дауыс беруге қатысу құқығы бар азаматтардың тізіміндегі өзі туралы мәліметтердің дұрыстығын тексере алатынын еске салды.

Егер тізімдегі деректерге өзгеріс енгізу қажет болса, сайлаушы учаскелік сайлау комиссиясына жүгіне алады. Мұндай өтініштер келіп түскен күні қаралады.