Қазақстанда 1 000 теңгелік жаңа монета сатылымға шығады
Күміс пен ниобийден жасалған коллекциялық монетаны 12 қазаннан бастап сатып алуға болады. Оның қандай ерекшелігі бар?
Қазақстан Ұлттық банкі «Қазақстанның жер қойнауы» сериясынан «Nb (ниобий)» коллекциялық монетасын айналысқа шығарады. Монеталар 2026 жылғы 12 қазаннан бастап сатылымға түседі.
ҚҰБ мәліметінше, коллекциялық монеталарды Ұлттық банктің kazcoins.nationalbank.kz интернет-дүкені арқылы сатып алуға болады.
Монетаның ерекшелігі қандай?
«Nb (ниобий)» монетасы 925 сынамалы күмістен жасалып, құрамына ниобий металы орнатылған. Оның номиналы – 1 000 теңге, ал таралымы небәрі 1 000 дананы құрайды.
Монетаның жалпы салмағы – 32,8 грамм. Оның ішінде 31,1 грамы – күміс, 1,7 грамы – ниобий. Диаметрі – 38,61 миллиметр. Дайындау сапасы proof стандартына сәйкес келеді.
Ниобий қандай металл?
Ниобий – атомдық нөмірі 41 болатын сирек кездесетін металл. Ол металлургияда, электроникада, аэроғарыш және атом өнеркәсібінде қолданылады.
Металлдың атауы ежелгі грек мифологиясындағы Танталдың қызы Ниобаның есімімен байланысты.
Монетаны қайда пайдалануға болады?
Ұлттық банктің мәліметінше, коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында белгіленген номиналдық құнына сай төлемнің барлық түрі бойынша қабылданады.
Сонымен қатар оларды еліміздегі барлық банкте банк шотына есепке алуға, аударуға, ұсақтауға және айырбастауға болады.
«Nb (ниобий)» коллекциялық монетасы Қазақстан теңге сарайында дайындалған.