18 Қараша 2026, 12:30 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Қазақстан «жұмсақ күш» рейтингінде бес сатыға көтеріліп, Орталық Азияда бірінші орынға шықты

Қазақстан 193 елдің ішінде 82-орынға тұрақтап, өңір көшбасшысы атанды. Еліміздің халықаралық беделін бағалаған рейтингте тағы қандай елдер бар?

Қазақстан британдық Brand Finance консалтингтік компаниясы жариялаған 2026 жылғы «Жұмсақ күш» жаһандық индексінде 193 елдің ішінде 82-орынға жайғасты. Былтыр еліміз бұл рейтингте 87-орында болған. Бұл – Орталық Азия мемлекеттері арасындағы ең жоғары көрсеткіш.

Зерттеу авторлары «жұмсақ күш» ұғымын мемлекеттің басқа елдерге мәжбүрлеу арқылы емес, тартымдылығы мен сендіру қабілеті арқылы ықпал ету мүмкіндігі деп түсіндіреді. Бұған мәдениет, бизнес және дипломатия салаларындағы жетістіктер жатады. «Жұмсақ күш» әлеуеті жоғары елдер инвестиция, туристер мен білікті мамандарды тартуға, сондай-ақ өз өнімдерін халықаралық нарықта ілгерілетуге көбірек мүмкіндік алады.

Қазақстан индекс бойынша 100 балдың 35,9 балын жинаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,8 балға жоғары.

Еліміздің көрсеткіші жаһандық ахуал аясында ерекше назар аудартады. Зерттеу авторлары экономикалық белгісіздік, геосаяси шиеленіс пен әлеуметтік қысым салдарынан әлемнің көптеген еліне деген көзқарас нашарлағанын атап өткен. Рейтинг көшбасшыларының басым бөлігі балл жоғалтқан. Ал алғашқы ондыққа енген мемлекеттердің ішінде көрсеткішін жақсартқан жалғыз ел – Қытай.

Орталық Азия елдері арасында Қазақстан Өзбекстаннан едәуір озып тұр. Өзбекстан 34,5 балмен 92-орынға көтерілген. Тәжікстан 129-орынға, Түрікменстан 138-орынға, Қырғызстан 142-орынға жайғасқан.

Сонымен қатар Қазақстан Әзербайжаннан (85-орын) және Армениядан (90-орын) да жоғары нәтиже көрсеткен. Ал Ресей 14-орынға көтерілген.

Рейтингтің алғашқы үштігі өзгеріссіз қалды. Бірінші орында – 74,9 балмен АҚШ. Алайда ел көрсеткіші 4,6 балға төмендеп, рейтингтегі ең үлкен құлдырау тіркелген. Екінші орынды 73,5 балмен Қытай иеленсе, үшінші орынға 70,6 балл жинаған Жапония жайғасты. Осылайша, Жапония Ұлыбританияны басып озған.

Индекс 102 елде жүргізілген сауалнама нәтижелері негізінде жасалған. Зерттеуге 159 мыңнан астам адам қатысқан. Респонденттерден белгілі бір елді қаншалықты жақсы білетіні, оның беделі мен ықпалын қалай бағалайтыны, сондай-ақ сол мемлекетпен қандай қасиеттерді байланыстыратыны сұралған.

Индексті есептеу барысында бизнес пен білім беруден бастап, мәдениет, мемлекеттік басқару және тұрақты даму салаларына дейінгі сегіз бағыт бойынша 35 көрсеткіш ескерілген.

Айта кетейік, Қазақстанның зейнетақы жүйесі Marsh CFA Institute ұйымының 2026 жылғы Жаһандық зейнетақы индексінде 55 елдің ішінде 29-орынға ие болды. Қазақстан АҚШ, Қытай, Жапония, Италия және Оңтүстік Корея сияқты елдерден жоғары нәтиже көрсетіп, зейнетақы жүйесінің тұрақтылығы бойынша үздік ондыққа енді.