Бүгiн 2026, 10:16 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Нұркен Алишев

Қазақстан жолдарындағы белгілердің жағдайы тексерілді: Қандай кемшіліктер анықталды?

Елдегі 136 мыңнан астам жол белгісі тексерілді. Басым бөлігі талапқа сай болғанымен, мыңдаған кемшілік те анықталды.

Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы жол белгілеріне ауқымды тексеру жүргізді. Зерттеу елдегі барлық республикалық автожолдар желісін қамтып, мамандар 136 мыңнан астам жол белгісін тексерді.

Мониторинг қорытындысы бойынша жол белгілерінің шамамен 97%-ы қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкес келетіні анықталды. Бұл жол инфрақұрылымының тиісті деңгейде күтіп ұсталатынын және жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарына сай екенін көрсетеді.

Сонымен қатар мамандар 4,3 мыңға жуық кемшілікті анықтады. Олардың басым бөлігі жол белгілерінің табиғи тозуына, жекелеген элементтердің бүлінуіне және ауа райының әсеріне байланысты болған.

Ең жиі кездескен кемшіліктердің қатарында ақпараттық көрсеткіштердің бір бөлігін жаңарту, бүлінген жол белгілерін ауыстыру, орнату элементтерін түзету және кейбір белгілердің жарық шағылыстырғыш қасиеттерін қалпына келтіру қажеттігі бар. Сондай-ақ жекелеген жағдайларда кейбір жол белгілері мен шақырымдық көрсеткіштердің жоқ екені анықталған.

Тексеру нәтижелері анықталған кемшіліктерді жедел жою үшін «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мен «КАЖсервис» ЖШС-не жолданды.

Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының мәліметінше, мұндай тексерулер тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Бұл жолдардың күтіп ұстауды қажет ететін учаскелерін дер кезінде анықтауға, инфрақұрылымды нормативтік талаптарға сай ұстауға және республикалық маңызы бар автожолдардағы қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.