Бүгiн 2026, 08:54 Фото: BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстан жол битумына деген ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп отыр

Қазіргі таңда Қазақстанда жалпы қуаты жылына 1,6 млн тоннаны құрайтын төрт битум зауыты жұмыс істейді.

Қазақстан автомобиль жолдарын салу мен жөндеуге қажетті жол битумына деген ішкі сұранысты толық көлемде қамтамасыз етіп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл көрсеткішке Caspi Bitum зауытының өндірістік қуатын кеңейту нәтижесінде қол жеткізілді. Жоба аясында мұнай өңдеу көлемі жылына 1 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін ұлғайтылды. Соның арқасында жол битумын өндіру көлемі де 500 мың тоннадан 750 мың тоннаға дейін артты.

Аталған жоба Энергетика министрлігі жүзеге асырып жатқан мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасы аясындағы алғашқы ірі бастамалардың бірі болды.

Қазіргі таңда Қазақстанда жалпы қуаты жылына 1,6 млн тоннаны құрайтын төрт битум зауыты жұмыс істейді. Көлік министрлігі мен «ҚазАвтоЖол» мәліметінше, 2026 жылы ішкі нарықтың қажеттілігі шамамен 1,1 млн тонна болады.

Осылайша, қолданыстағы өндірістік қуаттар елдің жол битумына деген сұранысын толық жабуға мүмкіндік береді.

Caspi Bitum зауыты жол-құрылыс компанияларынан өтінімдер түскен жағдайда өнімді қажетті көлемде жеткізуге дайын екенін мәлімдеді.

Мамандардың айтуынша, қабылданған шаралар жол-құрылыс саласын отандық битуммен тұрақты қамтамасыз етуге, импортқа тәуелділікті азайтуға және мұнай өнімдері нарығының тұрақтылығын нығайтуға ықпал етеді.