Қазақстан ЖИ-ді болашақтың іргетасына айналдырып келеді
Астанада өтіп жатқан Digital Bridge 2025 форумының пленарлық отырысында G42 International компаниясының бас атқарушы директоры Мансур Әл Мансури сөз сөйледі. Ол жасанды интеллектінің мән-маңызына тоқталып, оның тек жаңа индустрия ғана емес, болашақтың іргетасы екенін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз үшін ЖИ – жай ғана құрал емес, ол – болашағымыздың бағдарламасы. Ол ертеңгі күннің архитектурасын айқындайды. Қазақстанның бұл бағыттағы қадамдары айрықша назар аудартады: білім беру жүйесіне, мемлекеттік қызметтерге ЖИ-ді енгізу, суперкомпьютерлер салу. Бұл жай ғана бастама емес – бүкіл өңір үшін стратегиялық амбиция. Қазақстан Орталық Азияда тірек елге айналып келеді, – деді Әл Мансури.
Айтуынша, өткен ғасырда әлемдік тәртіпті энергоресурстарға иелік еткен мемлекеттер қалыптастырса, қазір басты ықпал жасанды интеллект орталықтарының қолына өтуде.
Біз Қазақстанмен бірлесе отырып, Еуразияда цифрлық көпір тұрғызуға және ЖИ индустриясын трансформациялауға атсалысып отырғанымызды мақтан тұтамыз, – деп қосты ол.
G42 International басшысының пікірінше, болашақта суперкомпьютерлер мен ұлттық ЖИ орталықтарының рөлі адамзат үшін шешуші болады.
Қазақстан қазірдің өзінде батыл жоспарларын нақты жобаларға айналдырып жатқанын көрсетіп отыр, – деді Әл Мансури.