19 Ақпан 2026, 16:06 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Қазақстан жерасты су қорының 4%-ын ғана пайдаланып отыр – сенатор

Ел аумағында өндірістік маңызы бар жерасты су көздері анықталғанымен, олардың мүмкіндігі экономикалық айналымға толық тартылмаған.

Сенатор Жанболат Жөргенбаев депутаттық сауалында су қауіпсіздігіне төнетін стратегиялық сын-қатерлерге тоқталып, климаттың өзгеруі, су қорының қысқаруы және трансшекаралық өзендерге тәуелділік күшейген жағдайда жерасты суларының әлеуеті жеткілікті деңгейде игерілмей отырғанын атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, ел аумағында өндірістік маңызы бар жерасты су көздері анықталғанымен, олардың мүмкіндігі экономикалық айналымға толық тартылмаған.

Қазақстанда жерасты суларының бекітілген эксплуатациялық қоры – тәулігіне шамамен 43,1-43,2 млн текшеметр, алайда нақты пайдаланылып отырған көлемі небәрі 3-4 пайыз шамасында. Бұл қолда бар ресурстың басым бөлігі экономикалық үдерістерге қосылмай отырғанын әрі басқару тетіктерін жетілдіру қажеттігін көрсетеді, - деді сенатор.

Осыған байланысты депутат жерасты суларын барлау және игеру бағытындағы ведомствоаралық үйлестіруді күшейтуді, автоматтандырылған технологияларға негізделген ұлттық мониторинг жүйесін қалыптастыруды ұсынды.

Сонымен бірге гидрогеологиялық деректерді онлайн-бақылаумен біріктіріп, «Water Base» цифрлық платформасын толық іске қосудың маңызын айтты.

Бұдан бөлек, гидрогеология саласына мамандар даярлау мен тартуды жүйелі жолға қою, ұңғымаларды бұрғылау және пайдалануға бақылауды күшейту, сондай-ақ ғылыми негізделген ұлттық тұжырымдама әзірлеп, жерасты су ресурстарын басқаруға арналған жеке мемлекеттік бағдарлама қабылдау мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.