21 Тамыз 2026, 10:40 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Қазақстан жастары цифрлық өзгерістерге Батыс жастарына қарағанда ашық – Ысқақова

Жұлдызай Ысқақова жастар цифрлық өзгерістер мен жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған бастамаларды қолдауға бейім екенін атап өтті.

Қазақстан жастары цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні қабылдауға дайын әрі бұл бағыттағы бастамаларға қызығушылығы жоғары. Бұл туралы National Think Tank Forum «Болашақ проекциясы: нәтижелерді пайымдаудан жаңа күн тәртібіне» форумы аясында «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасы Жұлдызай Ысқақова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, Қазақстан қоғамындағы негізгі үрдістердің бірі – цифрландыру деңгейінің қарқынды өсуі. Әсіресе жастар арасында жаңа технологияларға, соның ішінде жасанды интеллект мүмкіндіктеріне қызығушылық жоғары.

Жұлдызай Ысқақова әлеуметтік сауалнамалардың нәтижелері де осы тенденцияны көрсететінін атап өтті. Оның сөзінше, жастар цифрлық өзгерістер мен жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған бастамаларды қолдауға бейім.

Біздің жастар еуропалық және америкалық жастармен салыстырғанда цифрландыруға анағұрлым ашық әрі оған қызығушылығы жоғары. Сондықтан мемлекет пен шешім қабылдайтын тұлғалар әлеуметтік зерттеулеріміздің деректерін пайдаланып, бүгінгі қоғам мүмкіндік беріп отырған бағытта әрекет етуі керек деп есептеймін, – деді ҚҚДИ төрағасы.

Институт басшысының айтуынша, қоғамдағы мұндай өзгерістер мемлекеттік саясатты жоспарлау кезінде ескерілуі тиіс. Әлеуметтік зерттеулер азаматтардың жаңа технологияларға көзқарасын ғана емес, алдағы өзгерістерге дайындығын да анықтауға мүмкіндік береді.

Тағы оқи отырыңыз: Қазақстан жаңа демографиялық ахуалға дайындалуда – ҚҚДИ