Қазақстан жасөспірімдері паделден Азия кубогының қола жүлдесін жеңіп алды
Қола медаль үшін өткен кездесуде Қазақстан құрамасы Сауд Арабиясын 2:1 есебімен ұтты.
Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Индонезия астанасы Джакартада өткен паделден Азия кубогында қола медаль иеленді. Бұл – еліміздің осы жарыстағы алғашқы жүлдесі.
7-14 қараша аралығында өткен турнирде қазақстандық спортшылар Катар, Біріккен Араб Әмірліктері, Малайзия, Оман және Ливан құрамаларын жеңді. Ал финалға шыққан Иран мен Кувейт командаларына жол берді.
Қола медаль үшін өткен кездесуде Қазақстан құрамасы Сауд Арабиясын 2:1 есебімен ұтты.
Жарыстың қорытындысы бойынша Иран құрамасы алтын, Кувейт күміс, ал Қазақстан қола жүлдеге ие болды.
Қазақстан намысын үш жас санатында алты спортшы қорғады. U14 санатында Әлібек Дүйсенғазин мен Ибрагим Рахматуллин, U16 санатында Арнұр Тұрсынхан мен Ислам Дүйсенғазин, U18 санатында Дамир Дүйсенғазин мен Таир Қайретдинов өнер көрсетті.
Айта кетейік, Қазақстан бұл турнирге алғаш рет 2024 жылы Бахрейнде қатысқан. Биылғы қола жүлде отандық жасөспірімдер паделінің дамуы жолындағы маңызды жетістік болды.