Қазақстан жасанды интеллект саласында әлемдік трендтен қалыс қалмауы тиіс – Қошанов

Мәжілісте өткен “Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту” тақырыбындағы парламенттік тыңдауда Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жаңа технологиялардың жаһандық деңгейдегі маңызына тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінде жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне әлемнің барлық мемлекеттері баса мән беріп отыр. Глобалдық деңгейде технологиялық жарыс жүріп жатыр, – деді ол.

Қошановтың айтуынша, жуырда Шанхайда өткен Жасанды интеллект жөніндегі Дүниежүзілік конференция аясында “2025 жылғы Жасанды интеллект инновацияларының ғаламдық индексі” жарияланған. Рейтингте бірінші орынды АҚШ иеленсе, екінші орында – Қытай, үшінші орында – Ұлыбритания.

Алайда жағдай үнемі өзгеріп отырады. Қазірдің өзінде басқа елдер де қарқынды дамуды көрсетіп, көшке ілесіп келеді. Бұл технологиялардың қаншалықты жылдам дамып жатқанын дәлелдейді, – деді Мәжіліс төрағасы.

Ол жасанды интеллект саласындағы бәсекелестік тек мемлекеттердің көшбасшылыққа таласы емес екенін атап өтті.

Бұл үдеріс қазірдің өзінде экономиканы, еңбек нарығын және миллиондаған адамның күнделікті өмірін өзгертуде, – деді Қошанов.

Мәжіліс спикері мысал ретінде нейрожелілерді атап өтті. Оның айтуынша, ChatGPT атты жүйені екі жыл ішінде әлем бойынша 800 миллионнан астам адам қолданған.

Мұндай таралу қарқыны кезінде интернеттің енгізілуінен де жылдам болды. Жаһандық ауқымға небәрі екі жылда жетті – бұл шынымен де әсерлі көрсеткіш, – деді ол.

Қошановтың сөзінше, кейбір болжамдарға сәйкес, 2025 жылы жасанды интеллект нарығының көлемі 740 миллиард долларға жетеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20%-дан астамға көп.

Сондықтан көптеген елдер осы саладағы зерттеулер мен әзірлемелерге инвестицияны ұлғайтып жатыр. Бұл – мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігін және тұрақты дамуын сақтаудың негізгі шартына айналуда, – деді ол.

Мәжіліс төрағасы Қазақстан да бұл бағытта әлемдік трендтен қалыс қалмауға ұмтылып отырғанын атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы