21 Тамыз 2026, 10:29 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Қазақстан жаңа демографиялық ахуалға дайындалуда – ҚҚДИ

Қазақстанда халықтың жас құрылымы өзгеріп келеді. Сонымен қатар саяси институттарға деген сенім мен қоғамның цифрлану деңгейі артып отыр.

Қазақстан Орталық Азия елдері арасында халықтың қартаю деңгейі бойынша бірінші орында тұр. Бұл туралы National Think Tank Forum «Болашақ проекциясы: нәтижелерді пайымдаудан жаңа күн тәртібіне» форумы басталар алдында «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасы Жұлдызай Ысқақова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, талдау орталықтарының форумы Қазақстан қоғамында болып жатқан өзгерістерді талқылап, оларды болжаудың жаңа тәсілдерін әзірлеуге мүмкіндік береді.

Бүгін Қазақстанның талдау орталықтарының үлкен форумы өтіп жатыр. Мұндай жиындар жиі бола бермейді. Сондықтан әріптестер көтеретін мәселелердің кең ауқымын тыңдау біз үшін үлкен мүмкіндік. Қазақстандық қоғамдық даму институты қоғам мәселелерімен, болжам жасаумен, отбасы және гендерлік саясатпен, жалпы қоғамдық дамуды, азаматтық қоғам мен саяси партияларды зерттеумен айналысады, – деді Жұлдызай Ысқақова.

Талдау орталықтары бағалаудан болжам жасауға көшіп жатыр

Институт басшысының айтуынша, сайлау, конституциялық заңнамадағы өзгерістер және елде жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар аясында талдау орталықтарына жұмыс құралдарын да өзгерту қажет.

Бұған дейін әлеуметтік зерттеулер негізінен болып қойған өзгерістерді тіркеумен шектелетін. Қазір, оның айтуынша, негізгі назар алдағы процестерді болжауға ауысып келеді.

Дәстүрлі түрде талдау орталықтары көбіне әлеуметтік зерттеулер жүргізіп, жағдайды постфактум көрсететін. Яғни белгілі бір жағдай болып өткеннен кейін ғана зерттеу нәтижелерін шешім қабылдайтын тұлғаларға ұсынатынбыз. Ал қазір біздің барлық құралымыз болжам жасауға бағытталған. Себебі бүгінде дерек өте көп, көптеген жүйе жұмыс істеп тұр, – деп түсіндірді ол.

ҚҚДИ цифрлық платформалармен, оның ішінде «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп, ықтимал әлеуметтік өзгерістер мен дағдарыстарды алдын ала анықтауға мүмкіндік беретін құралдар әзірлеп жатыр.

Қазір біз талдау қауымдастығына түрлі әлеуметтік өзгерістер мен әлеуметтік дағдарыстарды алдын ала болжауға мүмкіндік беретін құралдарды ұсынып отырмыз. Біз әлеуметтік институт әрі мықты әдістемелік базасы бар ұйым ретінде «ҰАТ» АҚ секілді цифрлық платформалармен және басқа да цифрлық корпорациялармен тығыз жұмыс істейміз. Олар деректерді біріктіріп, болашақтағы қоғамдық процестерді көруге көмектеседі, – деді Ысқақова.

Қазақстан елеулі демографиялық өзгерістерге тап болды

ҚҚДИ төрағасы елдегі негізгі үрдістердің бірі ретінде демографиялық құрылымның өзгеруін атады. Оның сөзінше, Қазақстан халқының шамамен 30%-ын жастар құрайды. Сонымен қатар халықтың қартаю процесі де жеделдеп келеді.

Бүгінгі Қазақстанды бес немесе он жыл бұрынғыдай сипаттай алмаймыз. Қазір халық құрылымында жастардың үлесі өте жоғары – шамамен 30%. Алайда біз байқап отырған ең маңызды үрдіс – халықтың қартаю деңгейінің жоғары болуы. Бүгінде бұл көрсеткіш бойынша Орталық Азияда бірінші орында тұрмыз, – деді ол.

Ысқақованың айтуынша, қазір 65 жастан асқан азаматтар қатарына 1950 жылдары туған буын біртіндеп қосылып жатыр. Ал болашақта бұл үдеріс 1980 жылдары дүниеге келген саны көп буынды да қамтиды.

Оның пікірінше, мемлекет егде жастағы азаматтарға арналған тиісті әлеуметтік инфрақұрылымды қазірден бастап дайындауы керек.

65 жастан асқан адамдар зейнетке шыққаннан кейін қоғамнан тыс қалып қоймауы керек. Олардың белгілі бір іспен айналысуына жағдай жасалуы қажет. Бұл – мемлекет үшін үлкен тәуекел, – деді институт басшысы.

Сонымен қатар демографиялық ахуал өңірлерге қарай айтарлықтай ерекшеленеді. Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында халықтың қартаюы байқалса, Маңғыстау мен Түркістан облыстарында туу көрсеткіші жоғары және халық саны қарқынды өсіп келеді.

Осыған байланысты Ысқақова Қазақстанға демографиялық саясатта сараланған тәсіл қажет деп есептейді.

Бірыңғай демографиялық саясат болуы мүмкін емес, өйткені барлық өңір әртүрлі. Әр аймақтың ерекшелігін ескере отырып жұмыс істеу өте маңызды, – деді ол.