Қазақстан жаһандық таланттар рейтингінде 34-орынға ие болды

2025 жылғы 9 қыркүйекте IMD Халықаралық менеджментті дамыту институтының Әлемдік бәсекеге қабілеттілікті зерттеу орталығы IMD World Talent Ranking 2025 нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2025 жылғы рейтингке тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін адами капиталды дамыту, тарту және ұстап қалу тұрғысынан қаралған 69 экономика қатысты.

Қазақстан өткен жылмен салыстырғанда 3 сатыға көтеріліп, 34-орынды иеленді. Еліміз Жаңа Зеландия (33-орын) мен Кипрдің (35-орын) арасында орналасты.

Қазақстанның позициясының жақсаруына ең алдымен «Инвестициялар және даму» факторы әсер етті. Бұл көрсеткіш бойынша ел 3 сатыға көтеріліп, 20-орынға табан тіреді. Қазақстан осы бағытта жыл сайын оң динамика көрсетіп келеді.

Көрсеткіштер тұрғысынан ең үлкен ілгерілеу әйелдердің жұмыс күшіндегі үлесіне байланысты болды – ол 51,5%-ды құрады. Бұл елді өткен жылғы 12-орыннан (48,39%) 3-орынға шығарды. 

Сондай-ақ бастауыш білімдегі оқушылар мен мұғалімдер арақатынасы 16,8-ден 14,74-ке дейін жақсарып, 46-орыннан 38-орынға көтерілді. Орта білімде Қазақстан дәстүрлі түрде мықты позициясын сақтап, 8,34 көрсеткішімен 2-орынды иеленді.

«Тартымдылық» және «Дайындық» факторлары бойынша да бір-бір сатыға өсу байқалды: тиісінше 46-дан 45-орынға және 44-тен 43-орынға көтерілді. Мәселен, «Тартымдылық» бойынша респонденттер сот әділдігін (39-орыннан 26-орынға) және компанияларда таланттарды тарту мен ұстап қалу басымдығын (40-орыннан 27-орынға) жоғары бағалады.

«Дайындық» факторында ерекше көзге түскен көрсеткіш – «Жұмыс күшінің өсуі». Қазақстан мұнда 17 сатыға көтеріліп, 48-орыннан (1,11%) 31-орынға (1,36%) жетті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ - архив
Өзгелердің жаңалығы