31 Қазан 2026, 07:12 Фото: Сыртқы істер министрлігі

Қазақстан ЮНЕСКО-ның нәсілшілдікке қарсы жаһандық форумына қатысты

Форумды Нидерланд Үкіметі мен ЮНЕСКО «Міндеттемелерден жауапкершілікке: жүйені өзгерту, болашақты өзгерту» тақырыбымен ұйымдастырды.

Қазақстан Нидерландтың Гаага қаласында өткен ЮНЕСКО-ның нәсілшілдік пен кемсітушілікке қарсы күрес жөніндегі V жаһандық форумына қатысты.

2026 жылғы 29-30 қазанда өткен халықаралық жиынға Қазақстанның Нидерландтағы елшісі Ақан Рахметуллин қатысты.

Форумды Нидерланд Үкіметі мен ЮНЕСКО «Міндеттемелерден жауапкершілікке: жүйені өзгерту, болашақты өзгерту» тақырыбымен ұйымдастырды. Ашылу рәсіміне Нидерланд Королі Виллем-Александр, Премьер-министр Роб Йеттен, ЮНЕСКО, Еуропалық комиссия және БҰҰ өкілдері қатысты.

85-тен астам елдің өкілдері бас қосқан форумда нәсілшілдік пен кемсітушілікке қарсы іс-қимыл, тең құқықтарды қамтамасыз ету, адам құқықтарын қорғау және қоғамдық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ саяси міндеттемелерді нақты практикалық шараларға айналдыруға басымдық берілді.

Қазақстанның форумға қатысуы елдегі этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту, азаматтардың тең құқықтарын қамтамасыз ету және өзара құрмет мәдениетін дамыту бағытындағы саясатымен сабақтасады.

Осы орайда Қазақстан тарапы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі мен Қазақстан Халық Кеңесінің қоғамдық келісім мен өзара түсіністікті ілгерілетудегі маңызын атап өтті.

Сондай-ақ 2025 жылғы қыркүйекте Астанада өткен VIII Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі, биыл қазанда ұйымдастырылған Қазақстан мен Қасиетті Тақтың II бірлескен коллоквиумы және съезд Хатшылығының XXIV отырысы аталған бағыттағы халықаралық ынтымақтастықтың практикалық жалғасы ретінде көрсетілді.