Қазақстан ЯСЖТШҰ-мен ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті

Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы ҚР Тұрақты өкілі Мұхтар Тілеуберді Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымы Дайындық комиссиясының Атқарушы хатшысы Роберт Флойдқа сенім грамоталарын табыс етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Әңгімелесу барысында ЯСЖТШҰ Атқарушы хатшысы Қазақстанның ядролық қарусыздану саласындағы көшбасшылық рөлін және оның шарттың тезірек күшіне енуін ілгерілету жөніндегі күш-жігерін ерекше атап өтті. Ол 2009 жылы Қазақстан бастамасымен енгізілген және БҰҰ Бас Ассамблеясы қолдаған Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимылдар күнін танымал ету жөніндегі бірлескен іс-шараларды ризашылықпен баса айтты.

Қазақстан дипломатиялық миссиясының басшысы еліміздің ұйыммен ынтымақтастықты кеңейту ниетін растады. ЯСЖТШ-ның ядролық қаруды таратпаудың жаһандық режиміндегі және ядролық қарусыз әлемге қол жеткізудегі маңызды рөлін атап өтті. Сонымен қатар, ядролық сынақтарға тыйым салу бойынша верификациялау және бақылау жөніндегі күш-жігерге еліміздің үлесі ретінде ЯСЖТШҰ халықаралық мониторинг жүйесінде қазақстандық сегментті жетілдіру мүмкіндіктерін талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар болашақ ұрпақ үшін неғұрлым қауіпсіз әлем құру мақсатында шартты әмбебаптандыру және оны тезірек күшіне енгізу жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: СІМ баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы