Қазақстан вольфрамын АҚШ сатып алады: Сарапшы стратегиялық маңызын түсіндірді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапары барысында жасалған маңызды келісімдердің бірі – Қарағанды облысындағы вольфрам кенін игеру жобасы болғаны белгілі. Экономист, аналитик Ернар Серік ауқымды инвестиция жасалатын жобаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сарапшының айтуынша, Қарағандының вольфрамы – АҚШ өнеркәсібі үшін де салмақты жоба.
Қазақстан соңғы жылдары сирек және стратегиялық маңызды металдарды өндіруге басымдық беріп отыр, бұл елдің экономиканы әртараптандыру және жоғары технологиялық секторларға шығу стратегиясының негізгі бөлігіне айналды. Әлемде вольфрам, литий, молибден және басқа да сирек элементтерге сұраныс қарқынды өсіп келеді. Олар энергетикалық ауысу, қорғаныс және өнеркәсіп салалары үшін шешуші рөл атқарады, - деп атап өтті аналитик.
Сондай-ақ экономист бұл серіктестікті жаһандық өзгерістерге берілген жауап деп атады.
Cove Capital мен "Тау-Кен Самрұқ" арасындағы келісім осы жаһандық үрдіске нақты жауап ретінде бағаланады. Жоба Қазақстанға тек шетелдік инвестиция ғана емес, өңдеуді дамыту, экспорт құрылымын жаңарту және қосылған құнды арттыру мүмкіндігін береді. Бұл шикізаттық экономикадан өңдеуші бағытқа қарай нақты қадам, - деп нақтылады сарапшы.
Экономистің пайымынша, Қазақстанмен серіктес болу АҚШ үшін стратегиялық тұрғыдан тиімді.
Ал АҚШ үшін де бұл серіктестік стратегиялық тұрғыдан тиімді. Себебі вольфрам өндірісінің 80%-дан астамы Қытайдың үлесінде, ал Вашингтон өз жеткізу тізбегін әртараптандыруға және Қытай тәуелділігін азайтуға мүдделі. Сондықтан Қазақстанмен әріптестік екі тарапқа да пайдалы: АҚШ үшін баламалы және сенімді ресурс көзі болса, Қазақстан үшін – жаңа технология мен инвестиция тарту мүмкіндігі, - деді Ернар Серік.
Айта кетейік, Қазақстандағы "Солтүстік Қатпар" және "Жоғарғы Қайрақты" жобаларын игеруге жұмсалатын жалпы қаражат – 1,1 млрд доллар. Оның ішінде 900 млн долларын АҚШ-тың "Экспорт-импорт банкі" қаржыландыруға дайын екенін айтқан.
АҚШ-та вольфрам стратегиялық маңызы бар металл саналады. Ол болаттың беріктігін арттыру үшін қажет және қорғаныс пен ауыр өнеркәсіпте кең қолданылады. Бұл елде вольфрам өндірісі 2015 жылдан бері тоқтап тұр, ал әлемдік нарықта Қытай басым өндіруші болып қалған.
Cove Capital мен "Тау-Кен Самрұқ" жобасы аясында алынатын металдың бір бөлігі АҚШ үкіметі мен америкалық өндіріс орындарының қажеттілігіне жолданады.