Қазақстан уранды қалай қорғайды? Жаңа заңның 5 басты өзгерісі

Қазақстанда уран және көмірсутек саласында жер қойнауын пайдалану құқығын беру тәртібі түбегейлі жаңартылады. Сенаттың жалпы отырысында "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодекске енгізілетін өзгерістер екі қаралымда қаралып, мақұлданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айта кетерлігі, қабылданған түзетулер саладағы бірнеше маңызды бағытты қамтиды.

Аз зерттелген аумақтар үшін жаңа тәсіл енгізіледі

Ең алдымен «аз зерттелген аумақтар» деген жаңа ұғым бекітіледі. Мұндай жерлерде көмірсутектерді барлау мен өндіру үшін арнайы типтік келісімшарт режимі қолданылады.

Жер қойнауын геологиялық зерттеуге қаражат құятын инвесторларға басымдық беріледі.

Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру процесі электронды аукциондар арқылы жүзеге асады. Осыған байланысты бұрынғы комиссия өз жұмысын тоқтатады.

Сонымен қатар учаскелердің аумағын ұлғайтуға және келісімшарт мерзімін ұзартуға мүмкіндік қарастырылған.

Заңда уран саласын дамыту бойынша бірқатар түзетулер көзделеді. Мәселен, уранды барлау жөніндегі операцияларды жүргізу мақсатында мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасында айқындалған уранның кенденуі және (немесе) уран кенжатыны бар аумақта өтініш беруші ретінде уран саласындағы ұлттық компания ғана әрекет ете алады, - деді сенатор Сүйіндік Алдашев.

Уран саласында ұлттық компанияның өкілеті кеңейтіледі

Уран кені бар аймақтарда барлауға лицензия беру шектеледі. Сондай-ақ уранды барлау және өндіру кезінде ұлттық компанияға басым құқық беріледі.

Егер жер қойнауын пайдалану құқығы ұлттық компанияның еншілес ұйымдарына берілсе, оның үлесі 50%-дан 75%-ға дейін артады.

Барлау барысында уран қоры анықталған жағдайда учаске мемлекетке қайтарылуы немесе ұлттық компанияға басымдықпен сатылуы тиіс.

Стратегиялық маңызы бар жер қойнауы учаскелерінің тізімін бекіту құзыреті уәкілетті органға беріледі.

Көмірсутектерге қатысты келісімшарттың алғашқы үш жылы ішінде пайдалану құқығын басқа тұлғаға өткізуге рұқсат етілмейді. Бұл норманың мақсаты – алыпсатарлыққа жол бермеу.

Газ және газконденсат кен орындарындағы күрделі жобалар үшін типтік келісімшартқа көшу тәртібі жеңілдетіледі.

Жеке инвесторлар мен ұлттық компания үшін бірдей талаптар қарастырылып, тең жағдай жасалады.

Айта кетейік, заң екінші оқылымда мақұлданды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы