Қазақстан уран өндірудегі рөлін күшейтті

Астана қаласында Kazakhstan Energy Week – 2025 және XVI Евразиялық форум KAZENERGY шеңберінде “Атом энергетикасы: прогресс пен қауіпсіздік” тақырыбында стратегиялық сессия ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасының атом энергетикасы агенттігінің төраға орынбасары Тимур Жантикин Қазақстанның атом энергетикасы саласындағы нақты жетістіктері мен маңызды бастамаларына ерекше тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан – әлемдегі уран өндірудің жетекші елдерінің бірі әрі халықаралық нарықта сенімді серіктес. Біз стратегиялық шикізаттың жаһандық қажеттілігінің маңызды бөлігін қамтамасыз етеміз әрі ядролық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ұзақмерзімді саясат жүргізудеміз, – деді Тимур Жантикин.

Ол сондай-ақ еліміздің атом энергетикасын дамытудегі қауіпсіздік пен халықаралық стандарттарды сақтау мәселесін басымдық ретінде қарастыратынын жеткізді.

Қазақстан ядролық қауіпсіздік пен бейбіт атомды дамытудың халықаралық нормаларын 30 жылдан астам қолдап келеді. Бұл біздің еліміздің ядролық қарудан бас тарту мен бейбіт атомды дамытудағы жауапкершілігі мен көшбасшылығын көрсетеді. Біз әлемдегі төртінші ірі ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тартып, Семей ядролық сынақ полигонын жауып, Халықаралық ядролық сынаққа қарсы күннің бастамашысы болдық. Бұл – Қазақстанның жаһандық ядролық қауіпсіздік пен бейбітшілікке қосқан ерекше үлесі, – деді спикер.

Сондай-ақ ол елімізде атом энергетикасының дамуы жаңа кезеңге көтерілгеніне назар аударды.

Атом электр станциясын салу туралы өткен алғашқы жалпыұлттық референдум – қоғамның жаңа энергетикалық шешімдерге жоғары жауапкершілігі мен қолдауының көрінісі, – деді Тимур Жантикин.

Қазақстан – ядролық қауіпсіздік саласындағы халықаралық бастамалардың белсенді қатысушысы.

Елімізде МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран банкі жұмыс істейді. Бұл – әлемдік бейбіт атомға деген сенімді нығайтып, энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін ерекше жоба, – деді агенттік төраға орынбасары.

Қазақстанның атом саласындағы ғылыми және инновациялық әлеуеті де атап өтілді.

Ұлттық ядролық орталық әлемдегі ең ірі сфералық токамактың базасында термоядролық синтез саласындағы зерттеулерді жетілдіруде. Бұл – болашақ энергиясының технологиясын дамытудағы біздің үлесіміз, – деді ол.

Сонымен қатар кадрларды даярлау мен халықаралық тәжірибе алмасу бағдарламаларының маңыздылығы баса айтылды.

Қазақстан жаңа буын ядролық мамандарын даярлап, білім беру саласын нығайтуда. Біз өз тәжірибемізбен бөлісіп, бейбіт атомды меңгеру жолындағы елдерге оқу және біліктілікті арттыру мүмкіндіктерін ұсынамыз, – дейді ол.

Тимур Жантикин атом энергетикасын Қазақстанның ұлттық энергетикалық қауіпсіздігі мен тұрақты дамуының стратегиялық негізі ретінде қарастыратынын айтты.

Бейбіт атомды дамыту – біздің еліміздің келешегі әрі жаһандық тұрақтылыққа қосқан үлесіміз. Қазақстанның атом энергетикасындағы көшбасшылық рөлі – тұрақты даму, энергетикалық қауіпсіздік пен келешек ұрпақтың әл-ауқатын қамтамасыз етудің кепілі, – деп түйіндеді Тимур Жантикин.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов
Өзгелердің жаңалығы