Қазақстан ҰОК және халықаралық олимпиада комитеті ынтымақтастықты нығайтуды талқылады

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин, ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов және Халықаралық Олимпиадалық комитетінің спорт жөніндегі директоры Кит МакКоннелл алдағы Олимпиада ойындарына дайындық және екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылауға арналған келіссөздерге қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Милан мен Кортинада өтетін 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындары, Лос-Анджелестегі 2028 жылғы жазғы Олимпиада, Эр-Риядта 2025 жылы Олимпиада аясында алғаш рет өтетін киберспорт жарыстары және Дакардағы 2025 жылғы Жасөспірімдер Олимпиадасы кездесуде басты тақырыптардың бірі болды. Келіссөздер барысында жарыстардың бағдарламасы, көлік-логистикалық қамтамасыз ету, мәдени және білім беру іс-шаралары секілді маңызды мәселелер қаралды.

Тараптар бірлескен жұмыс пен тәжірибе алмасудың халықаралық іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруға қамтамасыз етудегі маңыздылығын атап өтті.

ХОК-нің спорт жөніндегі директоры Кит МакКоннелл Қазақстанның халықаралық ынтымақтастықты нығайтудағы күш-жігерін жоғары бағалап, Геннадий Головкиннің World Boxing ұйымының Олимиадалық комиссиясының төрағасы ретіндегі боксты Олимпиада бағдарламасында сақтау процесіндегі үлесін ерекше атап өтті.

Өз кезегінде, Қазақстан ҰОК басшысы Халықаралық Олимпиадалық комитетімен ынтымақтастықты күшейтуге дайын екенін жеткізді.

Олимпиада ойындарына дайындық – бұл күрделі әрі жауапты іс. Қазақстан Халықаралық Олимпиадалық комитетімен белсенді келіссөздер жүргізіп жатқанына қуаныштымыз. ХОК өкілдерінің бұл сапарын екіжақты ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам деп есептейміз. Қазақстан әрқашан келіссөздер мен спортты дамытуға және олимпиадалық қозғалысты қолдауға бағытталған бірлескен жұмысқа дайын, – деп атап өтті Геннадий Головкин.

Кездесуге қатысушылар спортшыларды қолдау, олимпиадалық спорт түрлерін дамыту және олимпиадалық құндылықтарды насихаттауға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асырудың болашағын қарастырды.

Келіссөздерден бөлек, ХОК делегациясы Астананың басты спорттық нысандарын, соның ішінде «Барыс Арена» мұз сарайын, «Qazaqstan» жеңіл атлетика кешенін және «Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайын» аралады. Халықаралық қонақтар инфрақұрылымның жоғары сапасын және оның әлемдік стандарттарға сәйкестігін ерекше атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: olympic.kz
Өзгелердің жаңалығы