Қазақстан Үндістанның Тамилнад және Гуджарат штаттарымен инвестициялық ынтымақтастықты күшейтуде
Тараптар 2026 жылғы қыркүйекте Ченнай қаласында өтетін Қазақстан – Үндістан бизнес, сауда және инвестициялық форумына дайындық барысын да талқылады.
Тамилнад пен Гуджараттағы кездесулер Қазақстан мен Үндістан арасындағы экономикалық байланыстарға жаңа серпін береді. Қазақстанның Үндістандағы елшісі Азамат Есқараев Тамилнад пен Гуджарат штаттарына жұмыс сапары барысында өңір басшылығымен, ірі бизнес өкілдерімен және жетекші сауда-өнеркәсіптік палаталармен бірқатар жоғары деңгейдегі кездесулер өткізді.
Келіссөздер сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге бағытталды.
Ченнай қаласында елші Тамилнад штатының басшысы Джозеф Виджаймен кездесіп, машина жасау, энергетика, денсаулық сақтау, білім беру және жоғары технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Кездесу барысында Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері, экономикалық реформалары және шетелдік инвесторларға ұсынылатын мемлекеттік қолдау шаралары таныстырылды. Қазақстан тарапы Үндістан компанияларын елдегі инвестициялық жобаларға қатысуға шақырды.
Тараптар 2026 жылғы қыркүйекте Ченнай қаласында өтетін Қазақстан – Үндістан бизнес, сауда және инвестициялық форумына дайындық барысын да талқылады. Іс-шараға Қазақстаннан ірі бизнес делегациясының қатысуы жоспарланып отыр. Бұл форум екі елдің компаниялары арасында жаңа серіктестіктер орнатуға және инвестициялық жобаларды ілгерілетуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Сапар аясында Азамат Есқараев Оңтүстік Үндістанның Сауда және өнеркәсіп палатасының өкілдерімен және өңірдің іскер топтарымен кездесіп, Қазақстанның түрлі салалардағы инвестициялық әлеуетін таныстырды. Сонымен қатар елші Алматыда жұмыс істеп жатқан энергетика және өнеркәсіптік автоматтандыру саласындағы Voltech Engineers Pvt. Ltd. компаниясына барды. Компания өкілдері Қазақстан нарығындағы қызметін кеңейту жоспарын растады.
Халқы шамамен 79 миллион адамды құрайтын Тамилнад Үндістанның ең ірі өнеркәсіптік орталықтарының бірі саналады. Штат автомобиль жасау, электроника, ақпараттық технологиялар, тоқыма және денсаулық сақтау салаларымен ерекшеленеді. Бұған дейін Қазақстан елшісі Гуджарат штатына барып, штаттың бас министрі Бхупендра Пательмен келіссөздер жүргізді. Кездесуде екіжақты сауда айналымын ұлғайту, Алматы – Ахмедабад бағыты бойынша тікелей әуе қатынасын ашу және Қазақстанда фармацевтикалық бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары қарастырылды.
Гуджарат губернаторы Ачарья Деввратпен кездесуде ауыл шаруашылығы және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Губернатор Қазақстанды алдағы Vibrant Gujarat Global Summit халықаралық саммитіне қатысуға шақырды. Гуджараттағы іскер топтармен кездесулер барысында Үндістанның Adani Group компаниясы өкілдері Қазақстан нарығына шығуға қызығушылық білдірді. Алдын ала бағалаулар бойынша, ықтимал инвестициялардың көлемі 5 млрд АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін. Жобалар қатарында инфрақұрылым нысандары, көмірмен жұмыс істейтін электр станциясы және Екібастұздағы деректер орталығын салу бастамалары бар.
Елші сондай-ақ Үндістанның Сауда палатасы, Үндістанның Сауда және өнеркәсіп палаталары федерациясы (FICCI) және Гуджараттың Сауда және өнеркәсіп палатасы сияқты жетекші іскерлік ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, Қазақстандағы инвестициялық мүмкіндіктерді таныстырды.
Ресми мәліметке сәйкес, Тамилнад пен Гуджараттағы кездесулер Қазақстан мен Үндістан арасындағы экономикалық байланыстарға жаңа серпін беріп, бірқатар салаларда бірлескен жобаларды іске асыруға қосымша мүмкіндіктер ашты. Үндістан Қазақстанның Орталық Азиядағы негізгі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі саналады. Екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық сауда, өнеркәсіп, энергетика, көлік-логистика, фармацевтика, ақпараттық технологиялар және ауыл шаруашылығы сияқты көптеген бағыттарды қамтиды.