Қазақстан Ұлыбританияда бесінші халықаралық IT-хабын ашады
20 қарашада Ұлыбританияда қазақстандық IT-компаниялардың шетел нарығына шығуына қолдау көрсететін хаб ашылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, қазір Қазақстанның төрт халықаралық IT-хабы АҚШ, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері және Малайзияда жұмыс істейді. Олардың бағдарламаларына 61 стартап қатысқан. Бұл орталықтар отандық компанияларға шетелден әріптес табуға және жаңа нарықтарға шығуға көмектеседі.
20 қарашада Ұлыбританияда бесінші хаб ашылады. Бұл біз үшін тағы бір нарық, – деді Ростислав Коняшкин.
Халықаралық хабтар кәсіпкерлерге білім алу және тәжірибе алмасу мүмкіндігін де ұсынады. Мәселен, Silkroad Innovation Hub Стэнфорд және OpenAI-мен бірлесіп AI Leaders бағдарламасын өткізген.
Екі жылда Қазақстанның IT-экспорты екі еседен астам өсіп, 1,1 млрд доллардан асты. Оның жартысынан көбі Astana Hub резиденттерінің үлесіне тиесілі. Биылғы тоғыз айда резиденттер 317 млрд теңгенің өнімдері мен қызметтерін экспорттады, – деді ол.
Стартаптарға даму кезеңдеріне қарай қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, жобалар акселерациядан өтіп, қаржы тартуға және халықаралық нарыққа шығуға мүмкіндік алады.