30 мың адам ескі түрмеде отыр: Сотталғандарға қандай жағдай жасалады?
Қазақстандағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде 30 мыңнан астам адам жазасын өтеп жатыр.
Қазақстандағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде 30 мыңнан астам адам жазасын өтеп жатыр. Алайда олардың басым бөлігі 1930-1980 жылдары салынған ғимараттарда орналасқан және бүгінде жаңғыртуды қажет етеді. Ішкі істер министрлігі жүйені қалай жаңарту, жаңа түрмелер салу және ұстау жағдайларын жақсарту жоспарланып отырғанын BAQ.KZ тілшісінің сауалына берген жауапта баяндады.
Ғимараттардың тозуы
Бүгінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің басым бөлігінің ғимараттары әбден тозған. ІІМ мәліметінше, көптеген нысан өткен ғасырдың 1930-1980 жылдары салынған. Сондықтан жүйені кезең-кезеңімен жаңғырту қажеттігі туындап отыр.
Жаңа түрмелер салу
Ведомство өкілдерінің айтуынша, 2020-2030 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы аясында камералық ұстау жағдайына көшу және жаңа нысандар салу бағытында жұмыстар жүргізілуде.
2024 жылы «AMANAT» партиясының Жол картасы шеңберінде Павлодар, Атырау, Ақмола облыстары мен Астана қаласындағы төрт мекемеде сегіз тұрғын блоктың құрылысы аяқталды.
Сонымен қатар тергеу изоляторларының техникалық жай-күйіне талдау жүргізілуде. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жаңғырту жобалары пысықталуда, оның ішінде жеке инвестиция тарту мәселесі де қарастырылуда.
Алматыда 150 орындық кәмелетке толмағандарға арналған мекеме бюджет қаражатынсыз пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, Шымкент қаласында әйелдерге арналған мекеме және Жамбыл облысында жатақхана салу жобалары қарастырылуда. Олардың жүзеге асуы қаржыландыруға байланысты болмақ.
Сотталғандарға медициналық көмек
ІІМ мәліметінше, сотталғандарға медициналық қызмет көрсету Денсаулық сақтау министрлігінің құзырына берілген. Бұл медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берген.
Сонымен қатар қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде түрлі өнім өндіру жолға қойылған.
Мекемелерде формалық киім-кешек, тұрмыстық заттар, азық-түлік, ағаш және металл бұйымдары, құрылыс материалдары және өзге де өнім түрлері өндіріледі, – делінген ресми жауапта.
Білім беру
Қылмыстық-атқару жүйесінде сотталғандарға техникалық және кәсіптік білім алу мүмкіндігі қарастырылған. ІІМ түсіндіргендей, мамандықтар тізімі еңбек нарығындағы сұранысқа сәйкес қалыптастырылып, жергілікті атқарушы органдармен келісіліп бекітіледі.
Сонымен қатар бұл тізімді заманауи талаптарға сай үнемі жаңартып отыру жоспарланып отыр.
2023-2024 оқу жылында 2 884 сотталған білім алып, токарь, тігінші, автослесарь, газоэлектрдәнекерлеуші, аспаз және басқа да жұмысшы мамандықтары бойынша диплом алған.
Тағы 200-ден астам адам қысқа мерзімді курстарды аяқтап, маникюр шебері, шаштараз, аспаз, пішуші секілді бағыттар бойынша сертификат иеленген.
Құқықтарды қорғау
Әйелдерге арналған мекемелерде сотталғандардың отбасымен байланысын сақтау үшін тұрақты түрде бейнеқоңыраулар ұйымдастырылған. ІІМ бұл шараның ресоциализация үдерісіне оң әсер ететінін атап өтті.
Сонымен қатар қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында мекемелерде әр жасақта орнатылған терминалдар арқылы шағым жолдау мүмкіндігі қарастырылған және жеке қабылдаулар өткізіледі.
Бұдан бөлек, мекемелерге қоғамдық бақылау комиссияларының, Ұлттық превентивтік механизмнің және Адам құқықтары жөніндегі бюро өкілдері тұрақты түрде барып тұрады. Барлық мекемеде үздіксіз бейнебақылау жүйесі енгізіліп, ол ҚАЖ, ІІМ және прокуратура органдарының ақпараттық жүйелерімен біріктірілген.
ІІМ мәліметінше, қылмыстық-атқару жүйесін жаңғырту кезең-кезеңімен жалғасады. Негізгі бағыттар – инфрақұрылымды жаңарту, сотталғандардың білім алу мүмкіндіктерін кеңейту және қоғамдық бақылауды күшейту.