Қазақстан Түркияға азық-түлікпен көмектесуге дайын – АШМ
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, еліміз Түркияда орын алған жойқын зілзалаға байланысты бауырлас мемлекетке азық-түлікпен көмектесуге дайын.
Бауырлас елге көмек қолын созу біз үшін маңызды. Егер қажеттілік туындаса, көмек көрсетуге міндеттіміз. Біз көмектесуге дайынбыз. Ол үшін Түркия тарапынан арнайы сұраныс түсуі керек. Біздің халықаралық гуманитарлық көмек көрсететін арнайы қорымыз бар, - деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы Үкіметте өткен брифингте.
Еске сала кетейік, қазақстандық құтқарушылар Түркияға жер сілкінісінің салдарын жоюға көмектесу үшін аттанған болатын. Құтқарушылар отрядының құрамында құтқарушылар, кинологиялық иттер мен Төтенше жағдайлар министрлігі Апат медицинасы орталығының медицина қызметкерлері бар жалпы саны 41 адам Түркияға көмекке кетті.
Бұған дейін оңтүстік-шығыста орналасқан Кахраманмараш түрік провинциясының Пазарджик ауданында магнитудасы 7,4-ке жеткен жойқын зілзала орын алды.
Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған Түркияда 12 ақпанға дейін жалпыұлттық аза тұту жариялады. Ел аумағы мен басқа мемлекеттердегі елшіліктерде барлық Мемлекеттік ту түсірілді.