Бүгiн 2026, 07:30 Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Қазақстан Түркия нарығына қай өнімдерді экспорттайды? 

500 гектарлық жылыжай кешені салынуда.

Қазақстан мен Түркия арасындағы агроөнеркәсіп саласындағы тауар айналымы тұрақты өсім көрсетіп отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның мәліметінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 360 миллион АҚШ долларға жеткен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 25 пайызға жоғары.

Қазақстан мен Түркияның агроөнеркәсіп саласындағы өнімдері бойынша оң динамика байқалып отыр. Өткен жылдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 360 миллион АҚШ долларға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға өсті, – дейді вице-министр.

Оның айтуынша, екіжақты саудада экспорт пен импорт көлемі қатар артып келеді.

Қазақстан өнімдерінің Түркияға экспорты да көбейіп жатыр. Сонымен қатар Түркия өнімдерінің Қазақстанға импорты да өсуде. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі дамытудамыз, – дейді Ермек Кенжеханұлы.

Вице-министр Түркия нарығында қазақстандық дәнді бұршақты дақылдарға сұраныс жоғары екенін атап өтті.

Өткен жылдың қорытындысымен біз 395 мың тоннадан астам дәнді бұршақты дақылдарды экспорттадық. Бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырамыз, – деді ол.

Сондай-ақ Қазақстанда ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бүгінде біз ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Осы ретте Түркияға дәнді бұршақты дақылдардың экспортын ұлғайтуға дайынбыз. Түркия тарапынан да бұл бағытқа қызығушылық бар, – дейді вице-министр.

Бұдан бөлек, екі ел арасында бірлескен инвестициялық жобалар іске асырылуда.

Соңғы жылдары Түркия капиталының қатысуымен 400 миллион АҚШ долларын құрайтын 10-нан астам инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Бұл жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, өңдеу және кондитерлік өнім шығару бағыттарын қамтиды, – деді ол.

Қазіргі таңда құны 1 миллиард АҚШ долларынан асатын бес ірі инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Одан әрі экспорт пен импортты да айта өтті. 

Шымкент қаласында түркиялық Alarco компаниясының 500 гектарлық жылыжай кешені салынуда. Сонымен қатар Астана қаласында Tiryaki корпорациясының астықты терең өңдеу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоба жылына 250 мың тонна астықты өңдеуге мүмкіндік береді. Жалпы өткен жылдың қорытындысы бойынша біз 395 мың тоннадан астам дәнді бұршақты дақыл экспорттадық. Сонымен қатар астық экспорты да бар. Ал импортқа келсек, негізінен Түркиядан Қазақстанға көкөністер мен жеміс-жидек өнімдері жеткізіледі, – деді вице-министр.