Қазақстан түркі елдерімен бірге донорлардың бірыңғай ақпараттық жүйесін құрады
Әзербайжанның Шуша қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер ұйымына мүше елдер денсаулық сақтау министрлерінің 4-отырысында тараптар "Türktransplant" бірыңғай ақпараттық жүйесін құру ниеті туралы хаттамаға қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ informburo.kz-ке сілтеме жасап.
Хаттамаға Әзербайжан, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркияның денсаулық сақтау министрлері қол қойған.
"Türktransplant жүйесі донорлар мен реципиенттер туралы ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді, органдарды трансплантациялауды ұйымдастыруды жеңілдетеді және қатысушы елдерге донорлық пен трансплантацияға қатысты мәселелерді бірлесіп шешуге мүмкіндік береді, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ хаттамаға сәйкес, жоғарыда аталған елдер диагностикалық әдістерді стандарттауды, трансплантация орталықтары мен операцияларды құру, сондай-ақ медицина мамандарының біліктілігін арттыруға бағытталған бірлескен оқыту шараларын жүзеге асырады.
"Türktransplant" жүйесін құру трансплантация саласындағы үйлестіруді күшейтіп қана қоймай, пациенттер үшін донорлық органдардың санын айтарлықтай арттырады. Бұл түркітілдес елдер арасындағы медициналық көмекті дамыту мен қарым-қатынасты нығайтудағы маңызды қадам болмақ. Барлық іс-шаралар түркітілдес мемлекеттер ұйымына мүше елдердің заңнамасына сәйкес өткізіледі, – делінген хабарламада.