Қазақстан туризм бойынша жаһандық рейтингте 52-орынға көтерілді

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов туризм саласындағы ахуал мен негізгі көрсеткіштерге тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Саладағы басты көрсеткіштердің өскені байқалады. Жедел ақпаратқа сәйкес орналастыру орындарының саны 4,5 мыңнан асқан. Ал осы орналастыру орындарының қызметін пайдаланған туристердің саны 10 млн-нан асты, яғни 12%-ға өскен, – деді ол.

Сондай-ақ халықаралық рейтингтердегі ілгерілеуге назар аударды:

Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық индексінде Қазақстан 119 елдің ішінен 52 орынға көтерілген. Бұған дейін 66 орында болғанбыз. Үздік елу елдің қатарына кіру біздің алға қойған мақсатымыз, – деп атап өтті министр.

Инвестиция тарту мәселесіне қатысты да нақты деректер келтірілді:

Инвестиция тарту бағыты бойынша да белсенді жұмыс жүргізілуде. Ресми статистикаға сәйкес 2025 жылы туризм саласына салынған инвестиция көлемі 32%-ға өсті. Бұл – 1 триллион 254 млрд теңге, – деді Ербол Мырзабосынов.

Министрліктің жоспарындағы жобаларға тоқталып:

Министрліктің тізімінде жүзеге асырылуы жоспарланған 328 инвестициялық жоба қамтылған. Негізгі жобалардың қатарында "Ой-Қарағай" тау-шаңғы курорты, Hilton және Mandarin Oriental қонақ үй кешендері, "Жібек жолы" ойын-сауық кешені, Keruen Inn жол бойындағы сервистік объектілер желісі бар, – деді.

Бұл жобалардың әлеуметтік-экономикалық әсері де айтылды:

Аталған жобаларды іске асыру туризм саласында шамамен 10 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, – деді министр.

Сонымен қатар саладағы түйткілдер де назардан тыс қалмады:

Негізгі көрсеткіштердің өсу үрдісіне қарамастан, бұл салада әлі де бірқатар шешілмеген жүйелі мәселелер бар, – деп түйіндеді Туризм және спорт министрі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, жиын барысында Премьер-министр жаңа тағайындалған "Kazakh Tourism" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Талғат Ғазизовқа "Нәтиже көрмесек, сізбен қоштасамыз" деп нақты талап қойды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Туризм және спорт министрлігі
Өзгелердің жаңалығы