Қазақстан Түрікменстанмен бірге газконденсат кен орындарын игереді

Сенаттың жалпы отырысында депутаттар "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы" заңды мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Белгілі болғандай, аталған заң – халықаралық ынтымақтастық саласындағы кезекті ғана келісім емес. Бұл – Қазақстан мен Түрікменстан секілді бауырлас мемлекеттердің стратегиялық әріптестігін нығайту жолындағы маңызды қадам.

Аталған заңның қабылдануы – инвесторлар үшін ашық, тұрақты және болжамды жағдайларды қалыптастыруға, ұзақмерзімді экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған. Сонымен қатар бұл құжат тереңірек мағынаға ие – ол халықтарымыз арасындағы сенім мен өзара түсіністіктің берік негізін қалауға қызмет етеді. Бұл заң – экономикамыздың барлық салаларындағы инвестициялық үдерістерге – мемлекеттік те, жеке сектордағы да инвестицияларға қолдау көрсетуді және оларды қорғауды қамтамасыз ететін негізгі құқықтық акт болып табылады. Бұл – қос мемлекеттің бизнес қауымдастықтарының мүдделерін қорғау бойынша мемлекетаралық деңгейде алғаш рет нақты кепілдіктер мен міндеттемелерді бекіткен бірегей және маңызды құжат, - деп түсіндірді сенатор Амангелді Нұғманов.

Айтуынша, келісім халықаралық арбитражға қол жеткізу және шетелдік инвестицияларға әділ қарау сияқты маңызды мәселелерді бекітеді.

Келісімде басым бағыттардың бірі ретінде энергетика саласындағы ынтымақтастық көрсетілген. Қазақстан тарапы Түрікменстандағы газконденсат кен орындарын игеру және құбыр инфрақұрылымын кеңейту жобаларына белсенді қатысуға дайын екенін білдірді.

"QazaqGaz" компаниясы мен Түрікменстанның "Түрікменгаз" мемлекеттік концерні арасында газ саласындағы ынтымақтастық туралы жеке келісімге қол қойылуы – бұл қадам біздің экономикамызға ғана емес, бүкіл өңірлік энергетикалық қауіпсіздікке, сондай-ақ екі ел арасындағы қарым-қатынасты барынша нығайтып жалғастыратын «алтын көпір» мүмкіншілігін ашады, - деді депутат.

Сенаторлар отырыста заң жобасын мақұлдады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы