Кеше 2026, 23:43 Фото: gov/kz

Қазақстан Түрікменстанға 178 тауар позициясын экспорттауға дайын

Қазақстан Түрікменстанға 178 тауар позициясын экспорттауға дайын

 
Астанада Қазақстан-Түрікменстан үкіметаралық комиссиясының 14-отырысы аясында Қазақстан-Түрікменстан бизнес-форумы өтті.

Іс-шараға екі елдің мемлекеттік органдарының, бизнес қауымдастықтарының және салалық ұйымдарының өкілдері қатысты. Форум барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары, сондай-ақ өзара сауда көлемін арттыруға бағытталған нақты шаралар талқыланды.

Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық тұрақты оң серпін көрсетіп келеді. Соңғы бес жылда екіжақты тауар айналымы екі еседен астам өсіп, 530 млн АҚШ долларынан асты. Өсім екі тараптан да қамтамасыз етілуде. Қазақстанның Түрікменстанға экспорты шамамен 50%-ға артып, 316,3 млн АҚШ долларына жетсе, Түрікменстаннан импорт көлемі бес есеге ұлғайып, 215,8 млн АҚШ долларын құрады.

Оң үрдіс биыл да жалғасуда. 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 180 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға өсті. Қазақстанның Түрікменстанға экспорты 18,9%-ға артып, 114,8 млн АҚШ долларына жетті.

Сауда ынтымақтастығын кеңейту мақсатында Қазақстан экспорттық әлеуеті 200 млн АҚШ долларынан асатын шикізаттық емес 178 тауар позициясының тізбесін әзірледі. Экспорт көлемін ұлғайту үшін ең жоғары әлеует металлургия, машина жасау, тамақ, химия және мұнай-химия өнеркәсібі, көлік құралдарын өндіру, фармацевтика және құрылыс материалдары салаларында шоғырланған, – деп атап өтті Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова.

Отырыс барысында іскерлік байланыстарды нығайтуға және кәсіпкерлік қызмет үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, өзара сауда үйлерін құру, цифрлық сауданы дамыту, тауар айналымын ұлғайту жөніндегі жол картасын келісу және сауданы қаржыландыру тетіктерін енгізу мәселелері қаралды.

Сонымен қатар сауда үйлері негізінде инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуды және саудадағы кедергілерді жоюды қамтитын кәсіпкерлерді қолдаудың тиімді жүйесін қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге және өзара сауда көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды кеңейтуге бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екендіктерін растады.

Агроөнеркәсіптік кешенде, тоқыма өнеркәсібінде, энергетика, көлік және логистика салаларында ынтымақтастықты дамыту үшін елеулі мүмкіндіктер бар. Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызы артып келеді. Қазақстан мен Түрікменстан Азия мен Еуропа нарықтарын байланыстыратын осы дәліздің маңызды қатысушылары болып табылады. Көлік инфрақұрылымын бірлесіп дамыту және логистикалық рәсімдерді одан әрі жеңілдету екі ел бизнесі үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, – деді "QazTrade" АҚ Бас директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыров.

Көлік инфрақұрылымын дамытумен қатар, тараптар логистика саласындағы кооперацияны кеңейтуге де мүдделі. Бұл жүк тасымалының тиімділігін арттыруға, екі елдің транзиттік әлеуетін нығайтуға және өзара сауданың одан әрі өсуіне ықпал етеді.