Қазақстан Транскаспий дәлізін екі есеге арттырмақ – Тоқаев

Трансконтиненталды байланысты нығайту – өңір елдерінің басты міндеттерінің бірі. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Орталық Азия – Италия” саммитінде мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту арқылы мемлекеттеріміз көне Жібек жолын жаңа мазмұнда қайта жандандырып жатыр. Былтыр осы дәліздің Қазақстан аумағындағы бөлігі арқылы контейнерлік тасымал көлемі 62 пайызға өсіп, 4,5 миллион тоннаға жетті. Алдағы үш жылда бұл көрсеткішті екі есеге арттыруды көздеп отырмыз, – дейді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Қазақстан бұл бағыттағы инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңғыртып келеді. Каспий теңізіндегі порттар цифрландырылып, жүк терминалдары салынып жатыр. Сонымен қатар көлік кемелерін бірлесіп өндіру жұмыстары жолға қойылуда.

Мұның бәрі Транскаспий бағытының тартымдылығын арттыра түседі. Әсіресе Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықтағы жүктің 80 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтетінін ескерсек, бұл бағыттың маңызы айқын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, Тоқаев италиялық серіктестерді бұл бағытты дамытуға белсенді қатысуға шақырып, Транскаспий дәлізін Еуропаның көлік жүйесімен және Global Gateway бастамасымен ұштастыруда Италияның қолдауына үміт білдірді.

Ортақ күш-жігердің арқасында біз Транскаспий бағытты Каспийден Адриатикаға дейін созылатын Азия мен Еуропа арасындағы ең сенімді әрі қауіпсіз көпірлердің біріне айналдыра аламыз деп сенемін, – дейді президент.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы